2019-2021 жылдары кәсіпкерлікпен айналысамын деген жастарға қолдау көрсету мақсатында 32,1 миллиард теңге бөлінбек. Бұл туралы Жастар жылының ашылу салтанатында Нұрсұлтан Назарбаев Үкіметке тапсырма берді, деп хабарлайды ortcom.kz тілшісі.

«Бизнеспен айналысамын деушілерге жол ашу аса маңызды. Шағын несие берудің және оқыту ісінің оң тәжірибесі негізінде барлық өңірде «Жас кәсіпкер» бағдарламасын әзірлеу қажет. Бұл жоба аясында жыл сайын білім алатын жұмыссыз жастар мен өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың санын 100 мыңға дейін жеткізген жөн», - деді Н. Назарбаев.

Сонымен қатар, Үкіметке «Бизнес-2020» жол картасы аясында жас кәсіпкерлер үшін грант бойынша бөлінетін қаржы көлемін екі есе арттыруды тапсырды.

«Бітіруші курстардағы 60 мыңға жуық студентті бизнеске баулу қажет. Үкіметке бұл бағдарламаны жүзеге асыру үшін 2019-2021 жылдары 32,1 миллиард теңге бөлуді тапсырамын», - деді Елбасы.

Өз сөзінде үш жыл ішінде 300 мыңға жуық жастарымыз бизнестің қыр-сырын меңгеріп шығатынын да айтты.

"Кем дегенде 80 мың адам немесе олардың төрттен бірі өз кәсібін бастап, ел экономикасына елеулі үлес қосатын болады. Осындай арнайы білім алған мамандар нарыққа дайын стартаптар мен өнімдер ұсынуға тиіс", - деп атап өтті.

Айта кетсек, соңғы екі жылда «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы «Бастау» жобасы бойынша ауылдар мен шағын қалалардың 43 мың тұрғынын оқытып шығарды. Нәтижесінде 11 мыңнан астам бизнес жобалар іске қосылып, 16 мыңға жуық жұмыс орны ашылды. Осыған байланысты жоба аясында жұмыс істеп жатқан адамдардың 95 проценті бюджетке салық төлеуде.