Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың жүлдесі үшін өткізілетін «Қазақстан Барысы» республикалық турнирінің басталуына орай баспасөз-конференциясы өтті.

Шараға ҚР Энергетика министрі, Халықаралық «Qazaq kuresi» Федерациясының президенті Қанат БОЗЫМБАЕВ, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Серік СӘПИЕВ, «ORDA INVEST» корпорациясының Басқарма төрағасы, Шалқарбек ТАЛИПОВ, ҚР қазақ күресі федерациясының президенті Арман ШОРАЕВ қатысты.

Дәстүрлі шара ұлттық спорт түрлерін дамыту арқылы салауатты өмір салтын қалыптастыру қағидаттарын насихаттау, жастарды ұлттық спорт түрлерімен шұғылдануға тарту арқылы олардың бойында отансүйгіштік сезімді қалыптастыру, қазақ күресін өркендету, оны ұлттық идея деңгейіне және халықаралық аренадағы беделін көтеру мақсатында өткізіледі.

А.Шораевтың айтуынша, осымен тоғызыншы рет өтетін бәсекеге еліміздің 14 облысынан, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларынан және күштік құрылымдар арасындағы турнирде іріктеуден өткен 36 үздік балуан қатысады. Ресми салмақ өлшеу рәсімі 6 маусымда сағат 19.00-ге белгіленді.

«Қазақстан Барысы» турнирі 8 маусымда 13:00-де балуандардың жеребе тарту рәсімінен басталмақ. Тартысты белдесулер жеті сағатқа созылады деп жоспарланған. Шара аясында спорттық сайыстармен қатар концерттік бағдарлама мен керемет шоу өтеді деп күтілуде.

«Қазақстан Барысы» турнирінің биылғы жүлде қоры қомақты. Жеңімпаз атанған балуанға алтын белбеу мен алтыннан құйылған ауыспалы «Тайтұяқ» табысталады. Екінші және үшінші орын иегерлері сәйкесінше күміс және қола белбеулермен марапатталады. Сонымен қатар, әр белдесудегі жеңіске 100 000 теңге беріледі. Сондай-ақ, жылдағы дәстүрге сай жанкүйерлер арасында автокөлік ойнатылады.

Билеттер қазірден бастап «Меломан» дүкендері желісі мен ticketon.kz, zakazbiletov.kz, kassir.kz сайттарында сатылуда. Бағасы 500 теңге мен 5000 теңгенің аралығында.

Турнирді «Нұр-Отан» партиясы, «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің қолдауымен ҚР қазақ күресі федерациясы және «Қазақстан Барысы» қазақ күресін дамыту қоры ұйымдастыруда.

Турнирдің ресми ақпараттық ресурсы www.qazaqstanbarysy.kz сайты, қосымша ақпараттар "Қазақстан Барысы" қазақ күресін дамыту қорының әлеуметтік желілердегі ресми өкілдіктерінен таратылады.

Турнир Нұр-Сұлтан қаласы, «Барыс Арена» мұз сарайында өтеді.

«Қазақстан Барысы» қазақ күресін дамыту қорының баспасөз қызметі Телефон: +7(7172) 249359, +77011376858 E-mail: kazbarysy7@mail.ru