Тұрғындардың үйге қызмет көрсету бойынша электрондық өтінім беруге және оның орындалуын қадағалауға мүмкіндігі болады, деп хабарлайды ortcom.kz.
«Жаңа заң жобасы аясында үй-жай меншік иелері тарапынан бақылауды қамтамасыз ету және меншік иелері, басқарушы компаниялар, сервистік ұйымдар және әкімдіктер арасындағы өзара іс-қимылды жақсарту үшін тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының ақпараттық жүйесін құру көзделіп отыр. Жүйе көппәтерлі тұрғын үйді басқару органдары қызметінің айқындылығын қамтамасыз етеді, тұрғындар шығындар мен табыстардың есебін көре алады, үйді басқару мен күтіп ұстау бойынша электрондық дауыс беру арқылы шешім қабылдай алады»,-деді тұрғын үй коммуналды шаруашылығы қазақстандық орталығы директорының орынбасары Марғұлан Әбдіқадыров Орталық коммуникациялар қызметінде.
Бұл бірыңғай ақпараттық жүйе, қызметтің айқындылығын қамтамасыз етеді,одан бөлек тұрғындар шығындар мен табыстардың есебін көре алады.
«Жүйенің маңызды міндетінің бірі - жиналған жарналарды дұрыс жұмсау және көппәтерлі тұрғын үйді күрделі жөндеуден өткізу үшін жинақтардың ашықтығын қамтамасыз ету. Шоттағы ақшаның қозғалысы заң талаптарына сәйкес банктік және заңмен қорғалатын жүйеде көрініс табады. Кондоминиумнің басқару органдарын тұрғын үй қоры және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының бірыңғай ақпараттық жүйесінде үйді күтіп ұстау бойынша шарт жасасуын заңнамалық түрде міндеттеуді ұсынудамыз» - деді ол.
Ол үшін тұрғын үй қоры және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының бірыңғай ақпараттық жүйесінде міндетті түрде үйдің техникалық паспорты, меншік иелері туралы деректер мен есептеуіштердің көрсеткіштері енгізілуі қажет.
«Ағымдағы қажеттіліктерге жинақ шотынан қаражат жұмсау керек болғанда бірыңғай ақпараттық жүйе тұрғындарға ескертеді және растауын талап етеді. Сонда өз үйін басқаруға мүлде қатыспайтын меншік иелері азая түседі», - деп атап өтті М. Әбдікәрімов.
Айта кетсек, тұрғын үй қоры және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының бірыңғай ақпараттық жүйесі тұрғындарға үйін 24/7 онлайн тәртібінде басқаруға мүмкіндік береді.