Жеткізуді, жөндеу мен техникалық қызмет көрсетуді жүзеге асыратын ұйымдарға қойылатын талаптар ұлттық заңнамамен реттеледі. Бұл туралы тұрғын үй коммуналды шаруашылығы қазақстандық орталығы директорының орынбасары Марғұлан Әбдіқадыров Орталық коммуникациялар қызметінде мәлімдеді.
«Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасында лифт шаруашылығын пайдаланатын ұйымдардың қызметін әр түрлі деңгейде реттейтін шамамен 16 нормативтік техникалық құжаттар реттейді. Осылайша, талаптарды реттеу мақсатында лифтілерді жөндеудің, қызмет көрсетудің бірыңғай талаптарын анықтайтын ұлттық стандарт әзірленді», - деді ол.
Айтуынша, 16 нормативтік құжаттың түгелге жуығын біріктіретін аталған стандарт барлық мүдделі тараптармен (мемлекеттік органдар, «Атамекен» ҚР ҰКП, лифт өндірушілер, салалық одақтар және т.б.) келісілген.
«Осы стандартта міндетті қолдану мақсатында ҚР лифтілерді, эскалаторларды, траволаторларды, мүмкіндігі шектеулі тұлғаларға арналған көтергіштерді жөндеу, пайдалану, техникалық қызмет көрсету, техникалық куәландыруды бөлігінде «Азаматтық қорғау туралы» Заңына (69-бапқа) толықтыру енгізу ұсынылып отыр», - айтып өтті М. Әбдіқадыров.
Айта кетсек, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласын реформалау мақсатында Министрлік «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын әзірлеген болатын.
Аталған заң жобасына сәйкес жергілікті атқарушы органдарға мүліктің меншік иелері бірлестігі қатысушыларының шығындарды кейіннен өтеуімен жергілікті бюджет қаражатынан есебінен қайтарымды негізде лифтілерді жөндеу және ауыстыру жүктелді.