Оның айтуынша, өңір – еліміздің маңызды индустриялық, кәсіпкерлік және логистикалық орталығы. Әкім өз сөздерін растау үшін нақты көрсеткіштерді келтірді. Тек бір тәулік ішінде облыстың көмір шахталарында 17 мың тонна көмір өндіріледі, зауыттарда 8,5 мың тоннадан астам болат, 7 мың тонна жалпақ илем балқытылады. Өңірдің ірі және орта өнеркәсіптік кәсіпорындары тәулігіне 9 млрд теңгеге өнім береді.

Кеншілер өңірінің басшысы атап өткендей, тұрғындарды жұмысқа орналастыру, олардың табысын арттыру - басым міндет. Бұған бірінші кезекте жаңа жобаларды іске қосу және кәсіпкерлікті дамыту ықпал етеді. Өткен жылдың өзінде ШОБ субъектілерінің өсімі 20%-дан асты. Іс жүзінде ШОБ секторында экономикалық белсенді халықтың жартысына жуығы жұмыс істейді.

«16,4 млрд теңге сомасына 2,5 мыңнан астам кәсіпкерлік жобаға қаржылық қолдау көрсетілді. Жыл соңына дейін бизнесті қолдау көрсеткішін 5,5 мыңға жеткізу міндетін қойдық. Жаңа өндірістік тауашаларға, оның ішінде «Кәсіпкер» өңірлік кәсіпкерлік жобасын дамыту есебінен жағдай жасаймыз», - деді облыс әкімі.

Е. Бөлекпаевтың айтуынша, «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша жеңіл өнеркәсіп саласында 4 жоба жүзеге асырылды. Биыл облыста өз ісін ашуға халықтың әлеуметтік осал топтары үшін 200-ге жуық грант бөлінді. Сонымен қатар жас кәсіпкерлер 600-ге жуық грант пен 2,5% жеңілдікпен 324 шағын несие алады.

Өңір басшысы басқа да салалар туралы айтып берді. Осылайша, сауда саласында 29% өсім қамтамасыз етілді. Көлік саласында қызмет көрсету көлемі 18,4%-ға өсті.

Қабылданған шаралар есебінен облыс орталығына серіктес қалаларға қала маңындағы бағыттарға жол жүру құнын екі есеге төмендетуге мүмкіндік туды.

«1 мамырдан бастап Қарағандыда 7 жастан 18 жасқа дейінгі балаларға тегін жол жүру мүмкіндігі жасалды. Автобус паркін жаңарту бойынша үлкен жоспарлар бар. Биылдың өзінде 165 жаңа автобус сатып алуды жоспарлап отырмыз, оның ішінде 33-і қала маңындағы бағыттар үшін», – деді әкім. Ол барлық автобустар отандық автоөндіруші - Саран қаласындағы «Қазтехно» зауытынан сатып алынатынын ерекше атап өтті.