– Екі ел арасындағы ынтымақтастықты дамытуға баса мән береміз. Экономикалық байланыстарда нақты нәтижелерге қол жеткіземіз деп есептеймін. Басқа да салалар бойынша, әсіресе, мәдени-гуманитарлық бағытта ықпалдастық қарқынды дамып келеді. Күн тәртібіндегі жобаларды жүзеге асыруға қос тарап та күш жұмылдыратынын ескерсек, өзара тиімді қарым-қатынастың келешегі зор, – деді Мемлекет басшысы.

Президенттің пікірінше, қазір Астана мен Ашхабад арасындағы ынтымақтастық өркендеп, көптеген негізгі салаларда оң динамика байқалады.

Сердар Бердімұхамедов Қасым-Жомарт Тоқаевқа қонақжайлық танытқаны және «Орталық Азия – Италия» саммитін табысты өткізгені үшін алғыс айтты.

– Орталық Азия елдері мен Италия жоғары деңгейдегі осындай форматта тұңғыш рет келіссөз жүргізіп отыр. Саммит қорытындысы мемлекеттеріміз арасындағы ынтымақтастықты кеңейтуге ықпал ететініне сенімдімін, – деді Түрікменстан Президенті.

Кездесуде Қасым-Жомарт Тоқаев Халк Маслахатының Төрағасы Гурбангулы Бердімұхамедовке ыстық ықыласын жолдап, оның жауапты қызметіне толағай табыс тіледі.