Әкім облыстың экономикасы тұрақты дамып келе жатқанын айтты. Биылғы 4 айдағы негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер оң динамиканы сақтауда. Өнеркәсіп өнімдерінің көлемі 1,1 трлн теңгені құрайды.

«Өнеркәсіптің фармацевтика, машина жасау, жеңіл өнеркәсіп, қағаз өнімдері өндірісі салаларында өсім 20%-дан 60%-ға артты. Негізгі капиталға 25%-ға өсіммен шамамен 176 млрд теңге инвестиция салынды. Биылғы жылдың қорытындысы бойынша 793 млрд теңге деңгейінде инвестиция күтілуде. Соның нәтижесінде 2 мыңнан аса тұрақты жұмыс орны құрылады», – деді облыс басшысы.

Ауыл шаруашылығы бойынша облыста 24 мыңнан астам адам еңбек етеді. «Ауыл аманаты» жобасы бойынша ауылдардың тұрғындарына 3,4 млрд теңге көлемінде 600-ден астам несие берілмек. Бұл ретте көп балалы отбасылар мен атаулы әлеуметтік көмек алушыларға және NEET санатындағы жастарға ерекше көңіл бөлінетін болады. Оған қазірдің өзінде 353 өтініш қабылданған.

«Ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі 65 млрд-қа жетті. Шаруашылықтарда малдардың негізгі түрлерінің саны өсуде. Біздің мақсатымыз – бес жылдың ішінде өз өнімдерімізбен 80% қамтамасыз етуге қол жеткізу», – деп нақтылады Е. Бөлекпаев.

Облыс бойынша ауылдардағы медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыру үшін 92 денсаулық сақтау нысаны салынады. Балқаш пен Теміртау қалаларында ауданаралық орталық ауруханалар ашылады. Дегенмен, нысандардан басқа, кадрлар да қажет.

«Алғаш рет ауылдық жерлерге медициналық мамандарды тарту үшін оларға 1,5 млн теңгеден 5 млн теңгеге дейін қосымша қаржылай қолдау көрсеттік. Сондай-ақ медицина қызметкерлері үшін біліктілікті арттыру қарастырылған. Оқудан 260 адам өтеді, оның ішінде шет елдерде де», – деді облыс әкімі.

Сонымен қатар Қарағанды облысында 2025 жылға дейін 22 мектеп салу жоспарланған. Мектептердің автобус паркі екі есеге ұлғайтылған.

«Ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға білімнің қолжетімділігін қамтамасыз ету бойынша жұмыс жалғасуда. Облыста алғаш рет аутизммен ауыратын балаларды қолдау орталығы ашылды. Биыл Қарағанды қаласында үшінші Оқушылар сарайының құрылысы басталып кетті», – деді әкім білім саласы бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы хабардар ете отырып.

Е. Бөлекпаев облыстың автожолдарының жөнделуі туралы баяндады. Жөндеу жұмыстарымен 1374 шақырым автожол, оның ішінде облыстық және жергілікті маңызы бар 700 шақырым автожол қамтылады.

«Нәтижесінде нормативтік жағдайдағы жолдардың үлесі 92%-ға дейін жеткізіледі. «Орталық-Оңтүстік» үлкен жобасын қоса алғанда, жол инфрақұрылымын жақсарту бойынша жұмыс жалғасуда. Биыл «Қазавтожол» Қарағанды-Балқаш республикалық автожолының 4 жолағы бойынша жол ашуды жоспарлап отыр. «Қарағанды-Қарқаралы» автожолының 5 учаскесінде орташа жөндеу жұмыстары жалғасады, «Қарағанды-Жезқазған» автожолын қайта жаңартудың үш жылдық жобасы басталады», – деп түйіндеді әкім.