Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің ұйымдастыруымен 2019 жылғы 16 тамыз күні Нұр-Сұлтан қаласындағы Тәуелсіздік сарайында Тамыз конференциясының пленарлық отырысы өтті. Жиынға Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қатысты.
Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов тамыз айының қорытындыларымен бөлісті.
Дәстүрлі тамыз конференциясы жаңа 2019-2020 оқу жылының қарсаңында өткізілді. Тәуелсіздік сарайына жиналғандардың қатарында барлық өңірлерден келген ұстаздар, колледждер мен жоғары оқу орындарының оқытушылары, ата-аналар, ғалымдар мен қоғам қайраткерлері болды. Жиын барысында білім және ғылым саласындағы өзгерістерді басқару мәселелері талқыға салынып, инновациялық идеялар мен бастамалар ұсынылды.
Конференция шеңберінде, сондай-ақ, білім және ғылым саласындағы өзекті мәселелер мен жаңалықтар бойынша тақырыптық алаң ұйымдастырылып, педагогтарды марапаттау рәсімі өтті.
Сонымен қатар, тамыз конференциясы шеңберінде 7-15 тамыз аралығында тақырыптық алаңдар ұйымдастырылған болатын. Аталған отырыстар барысында 2019-2020 оқу жылында Қазақстан Республикасының жалпы білім беретін мектептерінде оқу процесін ұйымдастырудың ерекшеліктері; тәрбиенің тұжырымдамалық негіздеріне сәйкес тәрбие процесін ұйымдастырудағы заманауи тәсілдер; бірінші сыныпта оқу-тәрбие процесін ұйымдастырудың негізгі мәселелері; балаларға қосымша білім беру; жаңартылған білім беру мазмұны жағдайында педагогтің үздіксіз кәсіби дамуы; жаңартылған білім мазмұны жағдайында білім алушылардың денсаулық мәдениетін қалыптастыру; жоғары білім мен ғылымның интеграциясы; мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту сапасын арттырудың заманауи тәсілдері; «Өзін-өзі тану» адамгершілік-рухани білім беру бағдарламасы негізінде тәрбиелеу және оқыту жүйесінің жұмыс істеуі; «Білім беру жүйесін цифрлық трансформациялау»; «Үш тілде оқыту: тәжірибе және жетістік» тақырыптары талқыланды.
Сондай-ақ, 26-27 тамыз күндері 4, 9, 10-сынып мұғалімдеріне арналған тақырыптық алаңдар өтеді.