Ұлттық жоспардағы болжамдарға сәйкес инвестициялардың Жалпы ішкі өнімге қатынасы қазіргі 14–15%-дан 2029 жылы 23%-ға дейін ұлғаяды. Нәтижесінде 2029 жылы негізгі капиталға салынатын инвестициялар 2024 жылғы деңгеймен салыстырғанда 2,5 есеге артуға тиіс.

Металлургия, мұнай химиясы, газ өндірісі мен фармацевтиканы дамытуға басты назар аударылатын болады. Мемлекет инвесторларды шақыруымен ғана шектелмей, экономикалық өсудің проактивті саясатын енгізуде. Яғни, Үкіметтің өзі жергілікті бизнестің қажеттіліктеріне «инвестицияға тапсырыс» қалыптастырады және жаңа өндірістерді іске қосу үшін дайын технологиялармен шетелдік серіктестерді тартады.

«Бұл саясаттың мәні – мемлекеттің тек инвесторларды шақыруымен ғана шектелетін модельден нақты инвестициялық жобаларды қалыптастыру мен іске қосуға мемлекеттің белсенді қатысуы моделіне көшу. Инвестиция тартудың бұл тәсілі экономика салаларының нақты қажеттіліктеріне бағытталған. Аталған жобаларды жүзеге асыру елдегі еңбек өнімділігінің орташа деңгейін арттырады, бұл «орта табыс тұзағын» еңсеру және жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнімнің одан әрі өсу үшін қажет негізгі шарттардың бірі», – деді вице-премьер Серік Жұманғарин Үкімет отырысы барысында.