Жасөспірімдер арасындағы агрессия фактілері, интернет қатерлері, отбасындағы қолайсыз жағдайлар, ересектер тарапынан жеткіліксіз бақылау салдарынан болып жатқан оқиғалар көбеюі ерекше алаңдаушылық туғызады. Бұның алдын алу үшін полиция органдары жүйелі түрде профилактикалық шаралар жүргізеді. Оқу ордаларында да дәл осындай жұмыс жүргізіліп жатыр.
«Еліміздегі әр мектепке полиция қызметкерлері бекітілді. Олар білім беру ұйымдарында құқықтық сауаттылық және кәмелетке толмағандардың мінез-құлқын қалыптастыруға бағытталған профилактикалық кездесулерді жүйелі түрде өткізеді. Кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта көшеде жүруіне, ойын-сауық орындарында заңды өкілдерінсіз болуына жол бермеу мақсатында «Жасөспірім» және «Түнгі қаладағы балалар» профилактикалық іс-шарасы өткізілді. Жыл басынан бері 52 мыңнан астам ата-ана және шамамен 1,5 мың кәсіпкер жауапқа тартылды», – деді спикер.
Жазғы кезең қарсаңында балалардың жол-көлік жарақаттарын алдын алуға ерекше көңіл бөлінуде. Мектеп демалысы басталар алдында «Абайлаңыз – балалар!» республикалық акциясы өткізілді. Кәмелетке толмағандарға алкоголь, темекі өнімдерін сату фактілерінің жолын кесу, олардың түнде заңды өкілдерінсіз ойын-сауық орындарында, көшелерде жүруін анықтауға бағытталған «Түнгі қаладағы балалар» профилактикалық іс-шарасы өткізілмек.
Азаматтар жаппай жиналатын орындарда, саябақтарда, ойын-сауық орталықтарында, қоғамдық орындарда тәртіпті сақтау және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары күшейтілді.
Жазда кәмелетке толмағандардың қатысуымен болатын жазатайым оқиғалар саны артады. Бұл кезеңде балалардың терезеден құлауы, су айдындарында қаза болуы жағдайлары жиі тіркеледі. Оның алдын алу үшін ата-аналарға түсіндіру жұмыстары жүріп жатыр.
Учаскелік инспекторлар балалар демалатын орындарға барып, мекеме әкімшілігімен тұрақты байланыс орнатады. Оларды тасымалдайтын автобустарды патрульдік полиция сүйемелдейді.