Екі елдің Көлік министрліктері «КАМАЗ» компаниялар тобымен бірлесіп, бірегей жобаны – екі елдің астаналары арасындағы жүк автокөлік құралдарының пилотсыз жүруін сәтті жүзеге асырды. Алғашқы сынақ рейсі Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы стратегиялық ынтымақтастықтың маңызды кезеңіне айналды және тараптардың жоғары технологиялық көлік секторын белсенді дамытуға дайын екендігін көрсетті.
Сынақ рейс барысында мамандар пилотсыз жүйелердің негізгі жұмыс тетіктерін тексерді. Атап айтқанда, маршрут бойындағы байланыс сапасы, жолдың цифрлық көшірмесінің дәлдігі, сондай-ақ байланыс болмаған жағдайдағы көліктің әрекеті сыналды. Бұл жоба Еуразиялық экономикалық одақ аясында пилотсыз тасымалдарға қатысты үйлестірілген заңнаманы қалыптастыруға жасалған алғашқы қадам болды.
Пилотсыз технологиялар көлік саласын қауіпсіздік, тиімділік және бәсекеге қабілеттілік тұрғысынан жаңа деңгейге шығарады. Оның басты артықшылықтарының бірі – жол-көлік оқиғаларының негізгі себептерінің бірі саналатын адам факторын барынша азайту.
Сонымен қатар, жоба әлемдік логистика саласындағы басты мәселелердің бірі – жүк көлігі жүргізушілерінің тапшылығына технологиялық жауап болмақ. Егер жүргізуші орта есеппен тәулігіне шамамен 8 сағат көлік жүргізсе, пилотсыз көлік іс жүзінде тәулік бойы жұмыс істей алады. Бұл тасымал өнімділігін едәуір арттырып, рейстер санын бірнеше есеге көбейтуге мүмкіндік береді.
Үздіксіз жұмыс, жоғары дәлдік пен қауіпсіздіктің күшеюі заманауи логистиканың жаңа стандартын қалыптастырады. Мұндай артықшылықтар көлік бағыттарының бәсекеге қабілеттілігін арттырып, жүк тасымалы көлемін ұлғайтуға және Еуразия кеңістігінің транзиттік әлеуетін нығайтуға мүмкіндік береді.
Жоба аясында пилотсыз жүк автокөліктері шамамен 3000 шақырымдық бағытты екі тәулікте жүріп өтіп, жол жүру уақытын екі еседен астам қысқартты.
Пилотсыз технологияларды енгізу пайдалану шығындарын азайтуға, бос тұрып қалу уақытын қысқартуға және халықаралық тасымалдардың тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Жоба пилотсыз тасымалдарды одан әрі дамытуға үлкен мүмкіндік бар екенін көрсетті. Қазіргі таңда тараптар мұндай тасымалдарды кең көлемде енгізу үшін қажетті институционалдық база мен инфрақұрылымды қалыптастыру жұмыстарын бастады.