«Әлеуметтік сауалнамалар және Сауда және интеграция министрлігінің атына тұтынушылардың құқықтарын қорғау желісі бойынша келіп түскен 20 мыңға жуық шағым ТКШ, медицина, білім беру, байланыс, қоғамдық тамақтану, көлік қызметтерінің сапасыз көрсетілуі, әлеуметтік нысандардың жеткіліксіз саны, ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін жасалған жағдайлар, қоршаған ортаның ластануы сияқты бірқатар проблемалардың барын көрсетті», - деді «Қазақстандық стандарттау және метрология институты» РМК бас директоры Ғабит Мұхамбетов.


Оның айтуынша, осыған байланысты талдау жүргізіліп, халықаралық тәжірибе зерделенуде, стандарттар түріндегі бірқатар жүйелік шешімдер әзірленіп жатыр.


«16 бағытта халықтың өмір сүру сапасының 120-дан астам көрсеткішін реттейтін ISO 37120 стандартын атап өткім келеді. Халықтың тұрмыс сапасын жақсарту үшін барлығы 17 мыңнан астам құжат бар. Қазіргі уақытта осы стандартты Астанада және 4 облыста (Алматы, Абай, Жетісу және Ұлытау) пилоттық түрде енгізу жұмыстары басталды», - деді спикер.