Спикердің айтуынша, нақты және объективті деректерді алу үшін Денсаулық сақтау министрлігінің ақпараттық жүйелерімен интеграция жасау жоспарда бар.

«Өткен жылдың ортасынан бастап электрондық кезек жобасы іске асырылды. Пилот Ақмола облысында іске қосылды, оның аясында шамамен 1,5 мың өтінім берілді. Бұл күту уақытын қысқартуға және азаматтар үшін қызмет алуды бұрынғыдан ыңғайлы етуге мүмкіндік берді. Әлеуметтік қызметтер порталын дамыту бойынша жұмыс тұрақты түрде жүргізілуде, ол азаматтардың техникалық оңалту құралдарына, шипажай-курорттық емдеуге және жеке көмекшілер қызметтеріне ыңғайлы әрі ашық қол жеткізуін қамтамасыз етуге бағытталған. 2025 жылдан бастап тәуелсіз медициналық-әлеуметтік сарапшының кабинеті енгізілді. Тәуелсіз сарапшылардың тізілімі қалыптастырылып, оған 80-нен астам маман енгізілді. Оған қоса көру қабілеті бұзылған адамдар үшін порталдың қолжетімділігі қамтамасыз етілді. Интерфейсте дыбыстау, субтитрлер және арнайы бағдарламалар (NVDA, VoiceOver) бар», – деді вице-министр.

Сондай-ақ әлеуметтік қызметтер порталында ұсынылатын тауарларға бақылау автоматтандырылды: ай сайын техникалық оңалту құралдарының 1 мыңға дейін ескірген позициясы жойылады.

Бахтияр Жазықпаев биыл тауар карточкаларын біріздендіру үшін Ұлттық тауарлар каталогымен интеграциялау, биометриялық аутентификацияны енгізу, компьютерлік көру технологияларын қолдану, сондай-ақ техникалық оңалту құралдарын ұсыну кезінде цифрлық теңгені пайдалану бойынша пилотты іске қосу жоспарланып отырғанын айтып өтті.