Мұндай жағдайларға мыналар жатады: резидент еместердің табысына салық салу мәселелері; 2025 жылғы 17 желтоқсаннан кейін есептілікті ұсыну немесе кері қайтарып алу; салық төлеушінің өзі камералдық бақылауды талап ететін өтініш немесе талап берген жағдайлар; сондай-ақ ҚҚС қайтару бойынша мемлекеттік қызмет аясында қызмет алушының жеткізушілерін тексеру.

«Сонымен қатар аталған кезеңдер бойынша салықтық тексерулер заңнамада көзделген жекелеген негіздерді қоспағанда тағайындалмайды. Атап айтқанда, тексерулер мынадай жағдайларда жүргізілуі мүмкін: қылмыстық істер немесе құқық қорғау органдарының материалдары бойынша; прокурорлық қадағалау актілері бойынша; дебиторлармен өзара есеп айырысу мәселелері бойынша; жер қойнауын пайдаланушыларға қатысты; салықтық тексеру нәтижелері туралы хабарламаға шағым берілген кезде; сондай-ақ камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды растау үшін. Қалған жағдайда өткен кезеңдер бойынша салықтық тексерулер жүргізілмейді», – деді спикер.

Микро және шағын бизнеске әкімшілік жүктемені азайту мақсатында қосымша қолдау шаралары қабылданды. Мәселен, 2026 жылдың 1 қаңтарына дейін жасалған жекелеген бұзушылықтар үшін әкімшілік жауапкершілік шаралары қолданылмайды, оның ішінде ҚҚС бойынша есепке қою туралы өтінішті беру мерзімін бұзу және есепке қойылмаған кезеңде айналымдар жасау.

Құқық қорғау органдары бастамашылық жасаған жағдайларды қоспағанда, 2026 жылғы 1 қаңтарға дейін микро және шағын бизнес субъектілері арасында жасалған мәмілелер мен тіркеулерді жарамсыз деп тану туралы талап-арыздар беру тоқтатылды. Сондай-ақ негізгі салық берешегі толық төленген жағдайда айыппұлдар мен өсімпұлдарды есептен шығару көзделген.

Микро және шағын бизнес субъектілері үшін қызметті тоқтату тәртібі жеңілдетілді. Атап айтқанда, міндеттемелер 2026 жылдың 1 қаңтарына дейінгі кезеңдерге қатысты болған жағдайда, өткен кезеңдер үшін салық есептілігі бойынша камералдық бақылау жүргізілмей-ақ қызметті тоқтату мүмкіндігі көзделген.

Бұл шаралар 2025 жылдың 4-тоқсаны үшін ұсынылатын салық есептілігіне қолданылмайды, ол бойынша камералдық бақылау жалпы тәртіппен жүргізіледі. Мұндай шешім кәсіпкерлерге салық берешегі болмаған жағдайда қосымша әкімшілік рәсімдерсіз қызметін жабуға мүмкіндік береді.

Аталған қолдау шаралары өткен кезеңдердің мәселелерін реттеуге және бизнесті жүргізу үшін неғұрлым тұрақты жағдай жасауға бағытталған.