Мектептерде лифтілер, пандустар, арнайы бағыттаушы белгілер, психолог, логопед және дефектолог кабинеттері орнатылған. Жаңа форматтағы мектептердің ерекшелігі – әр блокта оқушылар мен мұғалімдерге арналған демалыс аймақтарының болуы. Демалыс бөлмелері жұмсақ жиһазбен, кітаптармен, музыкалық аспаптармен және үстел ойындарымен жабдықталған.
«Мектептер толықтай заманауи физика, химия, биология кабинеттерімен, зертханалармен, компьютерлік сыныптармен, STEM-зертханаларымен және робототехника кабинеттерімен қамтамасыз етілген. Оқушыларға мобильді трансформер-парталар мен жеке шкафтар беріледі, қабаттарда санитарлық талаптарға сәйкес ауыз су бұрқақтары орнатылған. Шығармашылық әлеует пен кәсіби дағдыларды дамыту үшін әмбебап шеберханалар, студиялар және толық жабдықталған бастапқы кәсіптік оқыту кабинеттері қарастырылған. Мектептердің сыйымдылығына байланысты екіден төртке дейін спорт залы бар. Аула аумақтарында футбол, баскетбол, волейбол алаңдары, street workout аймақтары, сондай-ақ жүгіру жолақтары орналасқан», – деді вице-министр.
Климаттық жағдайларды ескере отырып, солтүстік өңірлерде хоккей корттары, ал оңтүстікте теннис корттары жабдықталған. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ерекше назар аударылған.
Жайық Шарабасов мектептерде вандализмге қарсы есіктер орнатылғанын, заманауи бейнебақылау жүйелері енгізілгенін, Face ID технологиясы арқылы кіруді бақылау ұйымдастырылғанын, сондай-ақ төтенше жағдайларға жедел әрекет ету үшін дабыл түймелері қойылғанын атап өтті. Осылайша, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің заманауи талаптарға сай кешенді жүйесі қалыптастырылды.