Спикердің айтуынша, түзетулер енгізу кезінде кондоминиум объектісін басқарудың жеке формасын құру (тікелей бірлескен басқару); уақытша басқарушы компанияны тарту; көппәтерлі тұрғын үйлерді басқару мәселелерін жетілдіру; кондоминиум объектісін тіркеу; көлік тұрағы орындары мен қоймалар иелерінің құқықтары мен міндеттерін бекіту; ауылда, кентте тұрғын үй салған жұмыс берушілердің шығындарын субсидиялау мәселелері тұжырымдамалық болып табылады.

«Иесіз қалған сыртқы инженерлік желілердің барын атап өткен жөн. Осыған байланысты, заңда құрылыс салушыға сыртқы инженерлік желілерді коммуналдық меншікке беру міндетін заңнамалық тұрғыдан бекіту ұсынылды», - деді спикер.

М. Әбдікәрімов атап өткендей, көп жағдайда тұрғын үйдің ортақ инженерлік жүйелеріне қолжетімділік пәтерлердің, тұрғын емес үй-жайлардың меншік иелері жөндеу жұмыстарын жүргізген кезде конструкциялармен қоршалады. Апаттар мен судың ағуы орын алған жағдайда меншік иелері апатты жағдайларда көбінесе өз есебінен ашудан бас тартады.

«Осыған байланысты пәтерлердің, тұрғын емес үй-жайлардың меншік иелері пәтерде, тұрғын емес үй-жайда орналасқан ортақ мүлікке қол жеткізуді шектейтін конструкцияларды өз бетінше бөлшектейді деген норма заңнамалық түрде бекітілді», - деді спикер.