Іс-шараны ашқан ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният өзінің алғы сөзінде Қазақстанның Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мен халықаралық ұйымдардың туберкулезбен күрес мәселелері жөніндегі саясатына бейілділігін атап өтті.

«Ел 2020 жылға арналған ДДҰ-ның «ЕndTB» стратегиясының мақсатты көрсеткіштеріне мерзімінен бұрын қол жеткізді. Туберкулезді емдеудің тиімділігі бойынша Қазақстан әлемнің алдыңғы 4 елінің қатарына кіреді», - деді Ажар Ғиният және халықаралық серіктестердің - ДДҰ, STOP TB серіктестігі, Жаһандық қор, USAID, Гарвард медициналық мектебі, ХОУП жобасы, KNCV белсенді ынтымақтастығы үшін алғысын білдірді.

Министр туберкулез бойынша барлық эпидемиологиялық көрсеткіштердің айтарлықтай жақсаруына елде туберкулезді анықтаудың, диагностикалаудың, емдеудің жаңа әлемдік әдістемелерін енгізудің, туберкулезге қарсы препараттармен орталықтандырылған қамтамасыз етудің арқасында қол жеткізілгенін атап өтті.

Соңғы 20 жылда Қазақстанда туберкулезбен сырқаттанушылық көрсеткіші 4,2 есеге, өлім-жітім – 15,5 есеге, 15 жасқа дейінгі балалардың туберкулезбен сырқаттанушылық көрсеткіші-10 есеге төмендеді.

«Елімізде туберкулезбен ауыратын науқастарды емдеудің тиімділігі әлемдегі ең жоғары көрсеткіштердің бірі болып табылады және 2021 жылы сезімтал туберкулезбен ауыратын науқастардың арасында 85,9%-ды, ДДҰ стандартында – 85%-ды және дәрілік тұрақтылықта - 80,2% - ды, ДДҰ стандартында - 75%-ды құрады», - деп толықтырды ҚР ДСМ басшысы.

Конференцияның мақсаты ДДҰ стратегиясының мақсаттарына қол жеткізу - туберкулез эпидемиясын тоқтату үшін туберкулезді бақылаудың үздік тәжірибелерін енгізу бойынша интеграция мен халықаралық ынтымақтастықты нығайту болып табылатынын айта кеткен жөн.

Конференцияға Орталық Азия елдері мен АҚШ, Қытай, Ресей, Әзірбайжан, Грузия, Молдова, Беларусь, Украина, Германия басшылары мен жетекші мамандары, ДДҰ сарапшылары, халықаралық ұйымдардың өкілдері (USAID, Жаһандық қор, Stoptb серіктестігі, Partners in Health, KNCV, Жаһандық дәрілік қор (GDF), Abt Associates) қатысады.

Конференцияның шеңберінде 2022-2026 жылдарға арналған фтизиатриялық қызметтің өзекті бағыттары, COVID-19 пандемиясының туберкулез эпидемиологиясына әсері және пандемиядан кейінгі кезеңде туберкулезді диагностикалау мен емдеу жөніндегі шараларды іске асыру, сондай-ақ зертханалық мамандар мен хирургтар үшін жетекші әлемдік ғылыми орталықтар мамандарының мастер-кластарын өткізу мәселелері талқылануда.

Сондай-ақ, ОА елдерінің сарапшылары туберкулезді талдаудың инновациялық әдістерін, оңалтуды, профилактикасын және емдеудің жаңа әдістерін талқылайды.

Туберкулез бүкіл әлемде және Еуро-Азиялық өңірлердегі елдерде қоғамдық денсаулық сақтаудың маңызды проблемасы болып қала беретінін айта кету керек.

ДДҰ-ның соңғы бағалауы бойынша, әлемде жыл сайын 9,9 миллионнан астам адам туберкулезбен ауырады және осы аурудан 1,5 миллион адам қайтыс болады.