Іс-шара барысында ормандарды орнықты басқару, тозған жерлерді қалпына келтіру, климаттың өзгеруіне бейімделу, орман шаруашылығына заманауи технологияларды енгізу, көміртегі тетіктерін дамыту және өңірлік ынтымақтастықты нығайту мәселелеріне баса назар аударылды.
«Жасыл жол: шекарасыз ынтымақтастық» атты бірінші сессия аясында қатысушылар Корея Республикасының ормандардағы төтенше жағдайларға ден қоюда спутниктік технологияларды пайдалану тәжірибесін, ормандардың көміртегі активтерін дамыту мәселелерін, сондай-ақ жерлерді қалпына келтіру және климаттың өзгеруінің салдарына қарсы іс-қимыл жөніндегі бірлескен тәсілдерді қарастырды.
Форумның негізгі бөлігінің бірі Корея Республикасы мен Орталық Азия мемлекеттерінің орман шаруашылығы саласындағы ынтымақтастығын одан әрі дамыту бағыттарына арналған министрлік диалог болды. Талқылау барысында тараптар ормандарды қалпына келтіру және орман өсіру, жердің тозуы мен шөлейттенудің алдын алу, цифрлық технологияларды енгізу және климаттық жобаларды дамыту мәселелері бойынша пікір алмасты.
Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Н.К. Шарбиев қатысушыларды Қазақстанда ел аумағының ормандылығын арттыру, ауқымды орман қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу, Арал теңізінің құрғаған табанында орман екпелерін құру, орман питомниктерін дамыту және ормандарды қорғау жүйесін жетілдіру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы хабардар етті.
Орман көміртегі жобаларын іске асыру және ормандарды қалпына келтіру мен жаңадан орман өсіруге бюджеттен тыс инвестициялар тарту перспективаларына ерекше назар аударылды. Қазақстанда осындай жобаларды іске асыруға және көміртегі тетіктерін пайдалануға мүмкіндік беретін заңнамалық негіз қалыптастырылған.