Президент әлемдік экономикада көшбасшылардың бірі саналатын Үндістанның ғылыми-техникалық саладағы тамаша жетістіктеріне және халықаралық аренадағы зор беделіне тоқталды.
– Үндістан Сіздің парасатты әрі тегеурінді басшылығыңызбен прогресс пен орнықты даму жолында алға қарай нық қадам басып келеді, – деді Президент.
Мемлекет басшысы қазақ-үнді қарым-қатынасы көптеген бағытта қарқынды ілгерілеп келе жатқанын атап өтті.
– Бүгінде Қазақстанда үнді капиталының үлесі бар 600-дей компания нәтижелі жұмыс істейді. Былтыр елімізге 150 мыңға жуық Үндістан азаматы келді. Қазақстанда көптеген үнді студенттері білім алып жүр. Сондай-ақ біз халықаралық ұйымдар аясында тығыз ықпалдастық орнаттық, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Нарендра Моди БРИКС саммитіне қатысқаны үшін Мемлекет басшысына алғыс айтып, Қасым-Жомарт Тоқаев көтерген бастамалар мен ұсыныстардың өзектілігіне назар аударды.
Үндістан Премьер-министрі Қазақстанмен достыққа және өзара сенімге негізделген қарым-қатынасты жоғары бағалайтынын жеткізді.
Көшбасшылар екіжақты күн тәртібіндегі нақты мәселелерді, соның ішінде энергетика, цифрландыру, білім және туризм салаларындағы ынтымақтастық жолдарын талқылады.
Нарендра Модидің айтуынша, екі елдің жоғары технология және креативті индустрия бағыттарындағы әлеуеті мол. Осы орайда, Astana Hub және Хайдарабад технологиялық экожүйелері арасындағы серіктестіктің келешегі зор.
Үндістан Премьер-министрі Қазақстанның өкілдерін, әсіресе, жастарды келесі жылы Мумбайда өтетін WAVES Креативті индустрия саммитіне қатысуға шақырды.
Тараптар Үнді елі мен Еуразиялық экономикалық одақ арасындағы ынтымақтастықты дамыту мүмкіндіктерін қарастырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан ЕАЭО Төрағасы ретінде Ұйым мен Үндістан арасында еркін сауда аймағын құру жөнінде келіссөздер жүргізуді құптайтынын және оны ілгерілетуге ықпал етуге дайын екенін айтты.
Мемлекет басшысы Үндістан Премьер-министрін Қазақстанға мемлекеттік сапармен келуге шақырды.