Жобаны «Alatau Green Production» серіктестігі қолға алған. Кешеннің жалпы аумағы 16 гектарды құрайды. Оның 8 гектарына көкөніс дақылдарының жоғары өнімді будандарын өсіру жоспарланған. Жоба аясында маусымдық көкөніс өнімдерін сапасын сақтай отырып, ұзақ уақыт бойы сақтауға арналған қойма және инженерлік инфрақұрылым да құрылады. Кешеннің жылдық өндірістік және қоймалық қуаты 12 мың тоннаға дейін жеміс-көкөніс өнімін құрайды.

Жобаны іске асыру нәтижесінде 400-ден астам жаңа жұмыс орны ашылады. Кәсіпорынның іске қосылуы өңір экономикасының дамуына қосымша серпін беріп, Алматы облысының жалпы өңірлік өнімін жыл сайын 8–10 млрд теңгеге арттыруға мүмкіндік береді.

Өндіріс көлемінің ұлғаюы, өнімді сақтау инфрақұрылымының дамуы және делдалдар санын азайту есебінен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасын 10%-ға төмендету көзделіп отыр. Қазіргі уақытта Алматы облысында жалпы аумағы 87,2 гектарды құрайтын 49 жылыжай шаруашылығы жұмыс істейді. Оның ішінде 19-ы өнеркәсіптік және 19-ы шаруа қожалықтарына тиесілі жылыжайлар.

Жылыжайларда өндірілетін өнім көлемі 15,9 мың тоннаны құрады. Оның ішінде 9,3 мың тоннасы – қызанақ, 5,8 мың тоннасы – қияр, 0,8 мың тоннасы – көк шөп.

Өндірілген өнімнің негізгі бөлігі Алматы қаласы мен Алматы облысында сатылады. Сонымен қатар өңір кәсіпорындары өнімдерін шетелдік нарықтарға да шығарады. Жылыжай өнімдерінің экспорт көлемі 1 434,3 тоннаны құрады.