Атаулы жылы Испанияның ұлттық жоспарына 172 іс-шара енгізілген. Оның ішінде цифрлық волонтерлікті дамытуға, жастар мен корпоративтік сектордың белсенділігін арттыруға басымдық берілген. Мәселен, «Менің сүйікті волонтерім» байқауы ұйымдастырылып, волонтерлерді даярлау бағдарламалары мен цифрлық жобалар қолға алынған.
Елде корпоративтік волонтерлікке де жеке бағыт ретінде айрықша мән беріліп отыр. IVY 2026 аясында қараша айында Испанияда V Халықаралық конгресс өтеді. Жиында волонтерліктің қызметкерлерді кәсіби тұрғыдан шыңдау, қоғамдастықтарды дамыту мен әлеуметтік бастамаларды қолдаудағы рөлі сөз болады.
Кипр де IVY 2026 бастамасына белсенді атсалысып келеді. Ел үкіметінің мәліметінше, жыл басынан бері 300-ден астам волонтерлік бастама қолға алынған. Оның ішінде волонтерлік мәдениетін мектептен бастап қалыптастыруға көңіл бөлінеді. Оқушылар БҰҰ айқындаған 17 Тұрақты даму мақсатын басшылыққа алып, қоғамға пайдалы жобаларды өздері ұсынып, оған тікелей атсалысады. Олардың қатарында жағажайларды тазалау, қоршаған ортаны абаттандыру, ағаш отырғызу, қайырымдылық жәрмеңкелерін өткізу, киім-кешек, ойыншықтар, кітаптар жинау және қарт адамдарға қолдау көрсету бастамалары бар. Сондай-ақ психикалық денсаулыққа арналған жобалар мен онкологиялық ауруға шалдыққан балаларды қолдау науқандары өткізіліп келеді.