Бұған дейін Дүниежүзілік банктің қолдауымен KPMG бастаған халықаралық сарапшылар тобы еліміздің электр станцияларына ауқымды техникалық аудит жүргізу бойынша жұмысты бастаған, барлығы 55 электр станциясы зерттелді. Оның барысында жылу станцияларының негізгі және қосалқы жабдықтарының техникалық және пайдаланылу жағдайларына ерекше назар аударылды.

«Тексеру қорытындысы бойынша барлық станциялар жабдықтың техникалық жай-күйіне, пайдаланылу мерзімдеріне, отынның үлестік шығынының көрсеткіштеріне, апаттылығына, персоналмен қамтылуына және жөндеу жұмыстарын орындауына байланысты санаттар бойынша бөлінді», - деді вице-министр тексерудің қалай өткізілгенін нақтылай келе.

Соның нәтижесінде маусым айының соңына қарай техникалық қызмет көрсетуді одан әрі пайдалану және жүргізу жөніндегі қысқа және ұзақ мерзімді шараларды көрсете отырып, әрбір станция бойынша іс-шаралар жоспары дайындалады. Бұл ретте негізгі мақсаты генерация секторының инвестициялық тартымдылығын арттыру арқылы тозу деңгейін кемінде 15%-ға түсіру болып табылатын «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы іске асырылуда. Жаңартылған бағдарламаның маңызды бөлігі кәсіпорындар тарапынан қолданыстағы қолдау тетіктері мен кері міндеттемелерді күшейту болып отыр.

«Бүгінгі таңда станциялардың берілген өтінімдері қарастырылып, 47 энергия өндіруші ұйымның 27-сі үшін электр энергиясына шекті тарифтер түзетілді, олардың тарифтерінің орташа өсуі шамамен 24% құрайды», - деді Ж. Нұрмағанбетов. 

Сонымен қатар инвестицияларды қайтару лимиті бойынша тиісті заңнамаға өзгерістер енгізіліп, ол 428 млрд теңгеге дейін көтерілген. Бұл тозу деңгейі ең жоғары станцияларға апатсыз жұмыс істейтіндей жөндеу жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік береді.

Сондай-ақ электр қуатын алып жүруге дайындықты қолдау бойынша қызметтер көрсетуге арналған шекті тарифті МВт үшін айына 590 мың теңгеден 1,5 млн теңгеге дейін көтеру жоспарланып отыр.  Бұл шара да жағдайды біршама жақсартуға мүмкіндік береді.

«Одан басқа, «Тарифті инвестицияларға айырбастау» саясаты шеңберінде меншік иелеріне тиісті міндеттемелер қойылуда, бұл негізгі өндіруші жабдықтың тозу дәрежесін төмендету; шартты отынның үлестік шығыстарын төмендету; экологиялық көрсеткіштерді жақсарту деген сияқты нәтижеге жеткізеді», - деді сала өкілі.

Биыл 1 шілдеден бастап көптеген заңнамалық өзгеріс іске асырылмақ. Атап айтқанда, елдің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін дереу реттеуді талап ететін бірқатар мәселеге өзгерістер енгізіледі. Мәселен, бірыңғай сатып алу моделі енгізіледі. Басты мақсат – электр энергиясын сатып алу және сату кезіндегі алыпсатарлық операцияларды болдырмау, өнімсіз делдалдарды қысқарту, электр станцияларының техникалық мүмкіндіктерінің негізінде тәуліктік кестелерді қалыптастыру, деді вице-министр.