CGTN: Си Цзиньпин провел встречу с Президентом Казахстана Касым-Жомартом Токаевым в Шанхае

Қытайдың халықаралық CGTN телеарнасы Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпиннің Шанхай қаласында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесу өткізгенін хабарлады. Келіссөздер Қытай басшысының резиденциясында өтті. Бұл екі ел арасындағы қарым-қатынастың ерекше сипатын және екіжақты саяси диалогтың жоғары деңгейін айғақтайды.

Кездесу барысында мемлекеттер басшылары жан-жақты стратегиялық әріптестікті одан әрі нығайту, сауда-экономикалық ынтымақтастықты, көлік-логистика байланыстарын және бірлескен инвестициялық жобаларды дамыту мәселелерін талқылады. Си Цзиньпин Қытайдың Қазақстанды басым серіктес ретінде қарастыратынын және ынтымақтастықты көптеген бағыт бойынша тереңдетуге дайын екенін атап өтті.

Басылымның мәліметінше, келіссөздер Астана мен Бейжің арасындағы байланыстардың жандана түскен кезеңінде өтті. Бұл тараптардың экономика, инфрақұрылым және жоғары технологиялар салаларындағы ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге деген ұмтылысын көрсетеді.

China Daily: Си Цзиньпин Қазақстанмен әріптестікті одан әрі нығайтуға шақырды

ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин Қытай мен Қазақстанды екі елдің даму стратегиялары мен бағдарламаларын өзара үйлестіріп, практикалық ынтымақтастықты үздіксіз тереңдетуге шақырды, деп жазды China Daily басылымы.

Мақалада Си Цзиньпиннің бұл мәлімдемені Шанхай қаласында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен өткен кездесу барысында айтқаны атап өтіледі. Оның сөзінше, екі ел арасындағы мәңгілік әрі жан-жақты стратегиялық әріптестік тұрақты қарқынмен дамып, ынтымақтастықтың зор әлеуеті мен кең мүмкіндіктерін көрсетіп келеді.

Си Цзиньпин тараптарды сауда саласындағы инновациялық дамуды қолдауға, оның құрылымын оңтайландыруға, сондай-ақ трансшекаралық электрондық коммерция мен қызметтер саудасы бағыттарында жаңа бизнес үлгілерін дамытуға шақырды.

Agenzia Nova: Қазақстан мен Қытай жалпы құны 15 млрд АҚШ долларынан асатын 70-тен астам коммерциялық келісімге қол қойды

Бейжіңде өткен Қазақстан-Қытай Іскерлік кеңесінің сегізінші отырысының қорытындысы бойынша жалпы құны 15 млрд АҚШ долларынан асатын 70-тен астам коммерциялық келісімге қол қойылды. Қол қою рәсімі Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен ҚХР Мемлекеттік кеңесі Премьерінің орынбасары Дин Сюэсянның қатысуымен өтті, деп жазды италиялық Agenzia Nova ақпарат агенттігі.

орумда сөз сөйлеген Мемлекет басшысы Қытайды Қазақстанның сенімді көршісі, жақын досы және мәңгілік стратегиялық серіктесі деп атады. Президенттің айтуынша, Қытайдың Қазақстан экономикасына салған инвестиция көлемі 27 млрд АҚШ долларына жеткен. Сондай-ақ елімізде қытай капиталының қатысуымен алты мыңнан астам кәсіпорын жұмыс істейді. Олардың қатарында CNPC, CITIC, Sinopec және Huawei сияқты компаниялар бар.

Мақалада қол жеткізілген келісімдердің түрлі салаларды қамтитыны және олардың Қазақстан делегациясының Қытайға жасаған сапарының басты практикалық нәтижелерінің бірі болғаны атап өтілген. Бұл екі елдің сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге бағытталған ұстанымын тағы бір мәрте растады.