ЕАЭО шеңберінде бірыңғай валюта болмайды. Жоспарлар да, объективті алғышарттар да жоқ. ЕЭК Алқа мүшесі, экономика және қаржы саясаты жөніндегі министр Тимур Жақсылықов Орталық коммуникациялар қызметінің көшпелі брифингі барысында жиі қойылатын сұраққа тағы да жауап берді.

Керісінше, өзара саудада ұлттық валюталарды пайдалану үлесі өсуде. Егер 2013 жылы Кеден одағы кезеңінде 63% туралы айтылса, 2019 жылдың қорытындысы бойынша бес ел бойынша статистика базасында - 74%.

«Осындай айтарлықтай өсім тіркеліп отыр. Өзара сауданың шамамен 70%-ы рубльмен жүреді, бірақ теңге, мысалы, Қазақстан мен Қырғыз Республикасы арасындағы саудада маңызды рөл атқарады. Қазіргі кезде теңгені пайдалану үлесі шамамен 20%-ды құрайды, бұл ретте ол Қырғыз Республикасының ЕАЭО-ға кіру кезеңіне 13%-дан өсті. Доллардың үлесі 19% жуық, евро 7% құрайды. Әрине, өзара саудада ұлттық валюталарды пайдалануды одан әрі кеңейтуге объективті қиындықтар бар. Олардың ішінде ұлттық валюталардың бір-біріне қатысты айтарлықтай жоғары құбылмалылығын, хеджирлеу құралдарының жетіспеушілігін, белгілі бір инфрақұрылымдық қиындықтарды, сондай-ақ сауда дағдыларын атап өтуге болады. Себебі бизнес өзара саудада резервтік валюталарды жиі пайдалануға дағдыланған», - деп мәлімдеді Жақсылықов.

Дегенмен, жылдан жылға ұлттық валюталардың үлесі артып келеді.