Бір ауысымда 25 қабылдауға есептелген ФАП «Ауыл – ел бесігі»  мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде салынған. Бұл жобаның басты мақсаты ауылдық елді мекендерде азаматтардың жайлы өмір сүру ортасын құру және базалық қызметтерге тең қолжетімділікті қамтамасыз ету болып табылады.

Бұрын ескі ФАП бейімделген ғимаратта болған, қазір жаңа үй-жайда медициналық көмек көрсету үшін барлық жағдай жасалған. Жаңа ФАП-та гардероб, шаруашылық-тұрмыстық үй-жай, вестибюль-күту аймағы, персоналға, пациенттерге, оның ішінде мүгедектерге арналған жуынатын бөлме, зарарсыздандыру бөлмесі, ақпараттандыру кабинеті, егу кабинеті, әйелдерге арналған қарау бөлмесі, акушер кабинеті, емшара бөлмесі, фельдшер кабинеті, химизатор кабинеті, қақырық жинау кабинеті көзделген.

Медициналық объект жаңа жабдықтармен: стерилизатормен, құрғақ қыздыру шкафымен, гинекологиялық креслолармен, жылжымалы шаммен, дәрі-дәрмектерге арналған шкафпен және тоңазытқышпен, портативті ЭКГ аппаратымен, шұғыл көмек көрсетуге арналған жиынтықтармен, оның ішінде оттегілік қолдаумен және т. б. жабдықталған.

ФАП-тың штатында акушер, мейіргер, санитар, жүргізуші және мектеп мейіргері жұмыс істейтін болады.

ФАП-тың негізгі міндеттері: асқынбаған жіті ауруларды, созылмалы ауруларды және олардың өршуін диагностикалау және емдеу, балалар мен жүкті әйелдерге патронаж ұйымдастыру; профилактикалық және емдеу іс-шараларын жүргізу, инфекция ошақтарында байланыста болған адамдарды бақылау, стационарлық медициналық көмек көрсетуге мұқтаж науқастарды, оның ішінде жүктілік патологиясы бар әйелдерді уақтылы емдеуге жатқызуды қамтамасыз ету, саламатты өмір салтын қалыптастыру жөніндегі іс-шаралар және т.б.

Іс-шараға Ұлытау облысы әкімінің орынбасары Ұлантай Үсенов, облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Тимур Бижанов, өңірдің денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Еркебұлан Бейсембаев қатысты.

Олар өз сөздерінде кең және жайлы үй-жайлары бар бұл объекті медициналық-санитариялық алғашқы көмектің барлық қажетті талаптарына жауап беретінін және Сарысу ауылының тұрғындарына көрсетілетін медициналық қызметтердің сапасын арттыруға ықпал ететінін атап өтті.