Түркістандағы «TURAN» арнайы экономикалық аймағында сэндвич-панель шығаратын жаңа зауыттың капсуласы салынды. Бұл маңызды әрі заманауи жобаның инвестициялық құны – 1,54 млрд теңге. 32 астам жаңа жұмыс орны құрылады. Аталған зауыттың жылдық қуаттылығы – 250 мың шаршы метр. Онда сэндвич-панельдер, гофрленген қаңылтырлар, металл плиткалар және өзге де құрылысқа қажетті заттар шығарылмақ. Бүгінде зауыт салынатын жер бөлініп, тиісті жұмыстар басталып кетті.

Сонымен қатар «TURKISTAN» 2 индустриалды кәсіпорны ашылды. Жиһаз цехы жобасының жалпы құны 2,3 млрд теңгені құрады. 50 жуық жаңа жұмыс орны құрылды. Заманауи, соңғы үлгідегі технологиялармен жабдықталған цех күніне 600 дана жиһаз шығаруға қауқарлы. Аталған цех облыс мектептерін, балабақшаларын, сонымен бірге, өңірде ашылып жатқан ғимараттарды толықтай жиһазбен қамтуға үлес қоспақ.

Ал «TURKISTAN» индустриалды аймағында Қазақстан мен Қытай инвесторларының бірлескен жобасымен шұлық және шұлық бұйымдарын шығаратын кәсіпорын іске қосылды. Бұл жобаның құны – 1 млрд теңге. Кәсіпорын күніне 32 мың жұп шұлық шығаруға қауқарлы. 30 жұмыс орны ашылған. 

Инвесторлар шұлық фабрикасы толық қуатына жеткен соң Түркістанда костюм шығаратын жобасын да жүзеге асырмақ. Бұл жобаға 2,8 млрд теңге инвестиция салынады. Күніне 500 костюм тігіледі.

Сондай-ақ, Түркістанда пандемия кезінде жұмысын уақытша тоқтатқан «Golden Camel» зауыты өз жұмысын қайта бастады. Сұраныс жоғары. Өндіріс орны түйе және бие сүтінен құрғақ сүт шығарумен айналысады.