Қала басшысының айтуынша, әкімдік жыл басынан бері қала экономикасының серпінді өсуіне барынша күш салып жатыр. Өткен 11 айда қысқа мерзімді экономикалық индикатор 13%-ға артып, жетекші орынды иеленді. Мәселен, өңдеу өнеркәсібі 17,7%-ға ұлғайып, экономиканың драйверіне айналды.
«Қараша айында жылдық инфляция 10,5%-ға дейін баяулады. Еңбек нарығындағы жағдай жақсарып келеді. 79,5 мың жұмыс орны құрылды, оның 80%-ы - тұрақты жұмыс орындары. Жалпы, биылғы жылдың қорытындысы бойынша Алматы экономикасы өсімінің 6,5%-ға дейін жеделдеуі күтілуде. Бұл адам басына шаққанда жалпы өңірлік өнімді 21,2 мың АҚШ доллары деңгейінде қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», – деді Е.Досаев.
Алматы қаласынан бюджетке түсіп жатқан қаражат көлемі де ұлғайды. 11 айда мемлекеттік қазынаға жөнелтілген түсімдер 34,5%-ға өсіп, 4,9 трлн теңгені құрады, оның ішінде республикалық бюджеттегі үлес 35,3%-ға жергілікті бюджеттегі үлес 32%-ға артты.
«Ағымдағы жылдың 8 желтоқсанында мәслихат Алматы қаласының 2024-2026 жылдарға арналған бюджетін бекітті. Ол Мемлекет басшысының қаланы орта мерзімді дамытудың негізгі бағыттары бойынша тапсырмаларын іске асыруға бағытталған. Алматының 2024 - жылға арналған бюджеті 1 триллион 624 млрд теңгені құрайды, бұл 2022 жылдың басымен салыстырғанда 51,8%-ға немесе 553,4 млрд теңгеге көп», – деді шаһар басшысы.
Жергілікті бюджеттің қаржыландыру көлемі 26%-ға ұлғайып, 726 млрд теңгеге жетіп қалды. Оның әлеуметтік бағыты сақталып қалды, бұл бюджет шығындарының шамамен 45%-ын құрайды.