Орталық коммуникациялар қызметінде «QazAvtoJol» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Ұлан Әліповтың қатысуымен «Qazavtojol-дың 2019 жылдың бірінші жартысында атқарған жұмыстары және жоспарлары туралы» тақырыбында баспасөз конференциясы өтті.

Басқарма төрағасы журналистерге қайта жаңарту жобалары, алдағы 3 жылға қойылған міндеттер мен жоспарлар жайында баяндады. Ұйымдық құрылымдардың директорлары ақылы жолдардағы жұмыстардың қарқыны мен жол бойындағы сервистердің дамуы туралы ақпарат ұсынды.

«Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамытудың мемлекеттік бағдарламасына сәйкес жалпы ұзындығы 4,5 мың шақырымнан асатын 14 жобаны жүзеге асыру көзделген. Аталмыш жобаларға Орталық-Оңтүстік, Орталық-Шығыс, Орталық-Батыс, Орталық-Солтүстік дәліздері енеді. Сонымен қатар, халықаралық дәліздер мен шекара маңындағы бағыттарға да басымдық беріледі: Алматы-Өскемен, Үшарал-Достық, Бейнеу-Ақжігіт, Қалбатау-Майқапшағай, Ақтөбе-Атырау-РФ шекарасы. Бүгінгі таңда барлық жобалар бойынша сәйкесінше шаралар ұйымдастырылып, жұмыстар жүріп жатыр. Мердігерлік шарттарына қол қойылып, дайындық жұмыстары жасалып, құрылыс жұмыстары басталуда. Қайта жаңарту нысандарындағы жұмыстар өз мәресіне жеткеннен кейін, аталмыш учаскелер пайдалануға беріледі.

Инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға инвестицияларды тарту бойынша атқарылған жұмыстар жайлы айтылды. Мемлекеттік емес қарыз есебінен мемлекеттік кепілдікпен Еуропалық қайта құру және даму банкімен және ҚХР ЭКСимБанкімен келісім жасалған. Тартылған қаражаттың есебінен 2019 жылы Талдықорған-Өскемен (763 км), Қалбатау-Майқапшағай (415 км), Меркі-Бурылбайтал (266 км), Астана қ.оңтүстік-батыс айналма жолы (34 км), Күрті-Бурылбайтал (143 км) учаскелерінде жұмыстар жалғасуда.

Биыл республика бойынша 641 шақырым жолды пайдалануға беру жоспарланған.

Алдыға қойылған мақсаттарға жету үшін РБ тарапынан 100,5 млрд теңге бөлінді, бүгінгі таңда 35 млрд теңге игерілді. Қайта жаңарту учаскелерінде 5 мың адам мен 2500 мың бірлік техника жұмылдырылған.

Ақылы автомобиль жолдарын енгізу бағдарламасын жүзеге асыру аясында елімізде 4 ақылы жол бар: Нұр-Сұлтан-Щучинск, Нұр-Сұлтан-Теміртау, Алматы-Қапшағай, Алматы-Қорғас.

«Ақылы автомобиль жолдарының дирекциясы» филиалының директоры Асхат Оқасов: «Ақылы жолдарды енгізудің негізгі мақсаты – республикалық бюджетке түсетін жүктемені азайту. Яғни ақылы жолдар мемлекеттік бюджеттен қаражат сұрамайды. Олар өздерін қаражатпен толық қамтамасыз етеді. Жиналған қаражаттың барлығы ақылы учаскелерді күтіп ұстауға, жол белгілерін салуға, қардан тазалауға жұмсалады» - деп ескертті.

Автожолдарды жөндеу және қайта жаңарту жұмыстарымен қатар қосалқы инфрақұрылымдарға да ерекше көңіл бөлінеді. «QazAvtoJol» ҰК» АҚ ҚР ИИДМ автожолдар комитетімен бірлесе отырып 2019-2022 жж 304 санитарлық-гигиеналық торапты (СГТ) орнату бойынша бағдарлама жасады. Жоба бойынша қайта жаңарту жұмыстарымен қамтылған республикалық автожолдарда 109 бірлік СГТ орнату жоспарланған. Алдағы 3 жылдың жоспары бойынша Қазақстанның барлық жолдарында 116 бірлік СГТ, пайдалануға берілген және жоспарланған ақылы жолдарды 79 бірлік СГТ орнату көзделген

ҰҚ «АҚ «ҚазАвтоЖол» баспасөз қызметі Телефон: +7 (7172) 648736 E-mail:press.kazavtozhol@gmail.com