Қазақстанда 12 модульдік жұқпалы аурулар ауруханасы салынып жатыр. Бұл Мемлекет басшысының тапсырмасы. Қаржы Жұмыспен қамту жол картасы шеңберінде жергілікті бюджеттерден және демеушілерден бөлінді. Алматы мен Талдықорғанда құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталды, тағы 7 өңірде тиісті жұмыстар жүргізілуде.
Атап айтқанда, Жезқазған, Көкшетау, Қостанай, Ақтау, Атырау, Павлодар және Петропавл қалаларында. Орал, Түркістан және Қызылордада құрылыс жұмыстары жыл соңына дейін жалғасады. Сонымен қатар, стационарлардың материалдық-техникалық базасын нығайту бойынша жұмыстар қолға алынды. Бұл туралы ДСМ басшысы Алексей Цой мәлімдеді.
«Стационар жағдайында коронавирус инфекциясы бар ауыр науқастарды емдеудегі маңызды аспекті ауруханаларды өкпені жасанды желдету аппараттарымен қамтамасыз ету болып табылады. Бүгінде инфекциялық және провизорлық стационарларда 3 535 бірлік ӨЖЖ стационарлық аппараты бар. Қосымша 2 030 сатып алынады. 24 548 төсек-орын оттегімен қамтамасыз етілген, оның ішінде орталықтандырылған станциялар – 5 194, оттегі концентраторлары – 11 025, оттегі баллондары – 7 450, оттегі жастықшалары – 879. Сондай-ақ қызметті санитарлық автокөлікпен жабдықтау бойынша жұмыстар жүргізілуде. Әкімдіктер 807 бірлік отандық санитарлық автокөлік сатып алуға шарттар жасады. Қазақстан зауыттарында 360 жедел жәрдем машинасы шығарылды, оның 150-і еліміздің өңірлеріне жеткізілді. Тағы 210 бірлік жеткізілмек. Жалпы, 15 қарашаға дейін 1 167 бірлік машина жеткізіледі», - деді министр, пандемия өршіген кезде басты жүктеме жедел жәрдемге түскенін еске сала отырып.
Жазда шақыртулар саны 3 есеге артқан. Еліміздегі ауруханалар «Made in Kazakhstan» цифрлық рентген-аппараттарымен толықтырылады. 20 қазанға дейін алғашқы 24 бірлігі Қостанай, Ақтөбе және Түркістан облыстарына жеткізіледі. Қалған аппараттарды бір айдың ішінде жеткізу жоспарланып отыр.
«Медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру тетіктерінің бірі шалғай өңірлер үшін көлік медицинасын одан әрі дамыту болып табылады. Бүгінгі таңда 28 бірлік жылжымалы медициналық кешен дайындалды. 1 қазанда ЖМК-нің 2 бірлігі Қостанай қаласына жеткізілді. Қалған 98 ЖМК өңірлерге жеткізу жалғасуда. Жалпы, Шартқа сәйкес жеткізу мерзімі – үстіміздегі жылдың 20 қазаны», - деп қорытты Алексей Цой.