Орталық коммуникациялар қызметі алаңында Халықаралық театр күніне арналған баспасөз маслихаты өткізілді. 1961 жылы Халықаралық Театр институты Вена қаласында өткен IX конгресінде 27 наурызды «Халықаралық театр күні» (World Theatre Day) деп бекітті. Жыл сайын көктем мезгілінің алғашқы айында бұл мерекені Халықаралық Театр институты мен дүниежүзіндегі театр қауымдастықтары атап өтеді. Бұл халықаралық мереке біздің елде де назардан тыс қалған емес. Атап айтар болсақ, жыл сайын театрлар «Халықаралық театр күніне» орай, түрлі фестивальдар мен премьералар дайындап, халыққа ұсынады.
Мысалы, Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театрында жыл сайын дәстүрлі түрде «Театр көктемі» фестивалі ұйымдастырылады. Аталмыш фестиваль биыл жаңаша – «Қара шаңырақ – 2019» атауымен, шара аясында көрермендерге 93-маусымның төмендегі премьераларын ұсынбақ: «Ғасырдан да ұзақ күн», «Анна Каренина», «Ұлым, саған айтам...», «Сүйікті менің ағатайым» спектакльдері. Айта кетейік, сәуір айының 13-14 жұлдызында Мұхтар Әуезовтың «Қобыланды» спектаклінің премьерасы өтеді.
Брифингке қатысқан спикерлердің қатарында:
- Әбдіхалықов Сәбит Әбдімаүтәліұлы – М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері;
- Азамат Сатыбалды – Ғ.Мүсірепов атындағы балалар және жасөспірімдер театрының директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері;
- Дауешов Нұрғиса Мұратұлы – Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптары оркестрінің директоры;
- Мақсат Кузенбаев – «MAXІMAGINЕ visual production»; «Жастар» театрының директоры.
Сонымен қатар, Елордамыздың атауы «Нұр-Сұлтан» қаласы болып өзгертілуіне байланысты, театр қызметкерлері үн қосып, қолдау білдірген. Осыған қатысты, брифингте де театр саласында еңбек етіп келетін мамандар сөз сөйлеп, лебізін білдіреді.