Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте журналист жолдаған сауалға берген жауабында ҚР АҚДМ жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Шахмардан Байманов осылай деді.
Оның айтуынша, республикалық маңыздағы қалаларда және ел өңірлерінде жастарды баспанамен қамту жөніндегі бағдарламалар іске қосылды.
«Мысалы, «Алматы жастары» - аймақтың деңгейде жастарды тұрғын үймен қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін бағдарлама. Сонымен қатар, 2019 жылы Жастар жылы аясында Елбасының бастамасымен «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында жұмыс істейтін жастарға жалдамалы пәтер беру бойынша бағдарлама қолға алынды. Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында 3 мың пәтер берілді. Бұл бағдарлама 2021 жылға дейін жалғасады. Жалпы 9 мың пәтер беру жоспарланған», - деді Ш.Байманов.
Спикердің атап өтуінше, өзге өңірлерде де екінші деңгейлі банктер мен жергілікті әкімдіктер өңірлік бағдарламалар әзірлеп, 2019 жылы 5500-ден аса пәтер берілді.
Бұдан басқа, әлеуметтік жағынан аз қамтылған, осал топтарды, жұмыссыз жастарды қолдау мақсатында да мемлекет тарапынан барлық жағдайлар жасалуда.
«Жастар - ел тірегі» аясында 37,5 мың жас қамтылған, 50 мыңнана астам мектеп түлегі тегін техникалық кәсіптік білім беру жобасы аясында оқуын жалғастыруда, жастар практикасы бағдарламасымен 15 мыңнан астам жас қамтылды. «Дипломмен ауылға» жобасы шеңберінде 1 қазандағы жағдай бойынша 4058 адам 16 млрд теңге мөлшерінде тұрғын үй бюджеттік кредиттік төлем берілген, 6800 азамат құрылыс компаниялармен бірлесіп жұмыс істеді, «Серпін» және «Дипломмен ауылға» жобалары аясында төлемдер өткен жылы 70 АЕК-тен 100 АЕК дейін ұлғайтылып, 252 мың теңгені құрады», - деді Шахмардан Байманов.
Оның айтуынша, кейбір жастар мұндай бағдарламалардан бейхабар. Сондықтан республикалық деңгейде, жергілікті жерлерде басқармалармен, Жастар ресурстық орталығымен бірлесіп, мемлекеттік бағдарламалар бойынша әлеуметтік желілер арқылы ақпараттық-насихат жұмыстарын жүргізу, бейнероликтер, инфографикалар әзірлеу жоспарланып отыр.