Бүгінде цифрлық есеп ресурстардың жекелеген түрлерін ғана қамтиды және негізінен электрондық сауда-саттық өткізу үшін қолданылады. Басты мақсат - барлық стратегиялық, жер үсті және жер асты ресурстарын Мемлекеттік тізілімнің бірыңғай цифрлық базасында автоматтандырылған түрде есепке алу. Бұл жер және су ресурстары, орман қоры, жерасты сулары, көмірсутек және қатты пайдалы қазбалар кен орындары. Бұл ұлттық ресурстардың бірыңғай цифрлық есебін қалыптастыру жолындағы маңызды қадам. Енді мемлекеттік активтерді проактивті басқару үшін жасанды интеллект пен Big Data e-Qazyna құралдары енгізу көзделіп отыр.
«Базада деректер жинақталған сайын жүйе инфрақұрылым нысандарының тозуын болжауға және жөндеу жұмыстарын жүргізудің оңтайлы мерзімдерін анықтауға көмектеседі. Бұл предиктивті қызмет көрсетуге көшуге мүмкіндік береді. ЖИ-ге негізделген аналитика мүлікті тиімсіз пайдалану белгілері мен аномалды операцияларды да автоматты түрде анықтай алады. Осы деректер негізінде жүйе мемлекеттік активтерді қайта бөлу және оларды күтіп-ұстау мен жаңғыртуға арналған бюджет шығындарын дәлірек жоспарлау бойынша ұсынымдар қалыптастырады», – деді Ж.Оспанов.
Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің 79 функциясының 36-сын цифрландыруға болады. Оның 26-сы, яғни 72%-ы қазірдің өзінде автоматтандырылған. Олардың қатарында жалға беру және жекешелендіру бар.
Теңгерім ұстаушының цифрлық профилі кезең-кезеңімен енгізіледі: 2026 жылы - ғимараттар мен құрылыстар, 2027 жылы - жер учаскелері, 2028-2029 жылдары - көлік, жабдықтар және басқа да активтер. Енгізу кезектілігі бастапқы деректер берілетін ақпараттық жүйелермен интеграцияның дайындығына байланысты болады. Бұл трансформацияның негізгі шарты – Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік мүлік туралы» Заңына тиісті түзетулер енгізу.