Жаңа оқу жылынан бастап білім беру мазмұны бірқатар жаңа міндетті оқу курстарымен толықтырылады. 5-7-сынып оқушылары үшін «Конституция негіздері» пәні енгізіледі. 8-11-сыныптарда «Заң және Тәртіп» міндетті оқу курсы енгізіледі. Сонымен бірге 5-11-сынып оқушылары үшін «Жеке қауіпсіздік» міндетті оқу курсы енгізіледі.
«Үлгілік оқу жоспарларының құрылымы оңтайландырылды. Оқушылардың барлық оқу пәндеріне толық қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында қысқартылған үлгілік оқу жоспарлары алынып тасталды. Бастауыш сыныптарда бағалау тәсілдері жаңартылды. Бөлім бойынша жиынтық бағалау (БЖБ) және тоқсан бойынша жиынтық бағалау (ТЖБ) алынып тасталды. Күнделікті (қалыптастырушы) бағалаудың рөлі күшейтілді. Диктанттар, мазмұндама, шығарма, жобалар, ауызша және практикалық жұмыстар секілді бағалау әдістерін мұғалім өзі таңдап, аралық бақылау формасы ретінде жүзеге асыратын болады», – деді бірінші вице-министр.
Жаңа оқу жылының ерекшелігі – жасанды интеллектіні орта білім беру жүйесіне енгізу. Осы мақсатта «Цифрлық сауаттылық» және «Информатика» пәндерінің атауы өзгертілді.
Ағымдағы жылғы 12 мамырда Мемлекет басшысының «Қазақстан Республикасының орта білім беру жүйесіне жасанды интеллектіні енгізу жөніндегі шаралар туралы» Жарлығы қабылданды. Министрлік мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, аталған Жарлықты іске асыру жөніндегі 2026–2029 жылдарға арналған Кешенді жоспарды әзірледі.
2026 жылғы 1 қыркүйектен бастап Павлодар және Қызылорда облыстарындағы 10 шағын жинақты мектепте жасанды интеллект технологияларын қолдана отырып қала мен ауыл арасындағы білім сапасының алшақтығын азайту мақсатында пилоттық жоба іске қосылады. Жалпы, пилоттық кезеңде жоба 500 шағын жинақты мектепті қамтиды. Жоба 2029 жылға дейін барлық 2 600 шағын жинақты мектепке масштабталады.