«Менің бастамама сәйкес, Алматы қаласы мәслихатының депутаттары арнаулы салық режимі бойынша мөлшерлемені 4%-дан 3%-ға дейін төмендетуді қолдады, бұл кәсіпкерлерді қолдаудың және қаланың іскерлік белсенділігін ынталандырудың қосымша шарасы болды. ШОБ-тың өндірістік әлеуетін арттыру үшін 2027 жылдың соңына дейін 39 шағын өнеркәсіптік парк іске қосылады. Олардың жалпы алаңы 226 мың шаршы метрден асады, 4,8 мың жұмыс орны құрылады. Біздің мақсатымыз – 2030 жылға қарай шағын және орта бизнестің қала экономикасындағы үлесін қазіргі 60%-дан 65%-ға дейін арттыру», – деді Алматы әкімі.
Спикер туризмді дамыту мәселесіне де тоқталды. Дархан Сатыбалдының айтуынша, бұл саладағы негізгі сын-қатер – туристік инфрақұрылымның шектеулілігі.
«Алматы тау кластеріне орташа тәуліктік келушілер саны бүгінде оның өткізу қабілетінен едәуір асып отыр. Бұл жолдардың және аспалы жолдардың шамадан тыс жүктелуіне, қызмет көрсету сапасының төмендеуіне және демалушылардың қауіпсіздігіне төнетін тәуекелдердің артуына алып келеді. Осы мәселелерді шешу және халықаралық деңгейдегі заманауи, жыл бойы жұмыс істейтін туристік орталық құру мақсатында Алматы тау кластерін дамыту жобасы жүзеге асырылып жатыр. Жоба «Шымбұлақ» пен «Ой-Қарағай» курорттарын аспалы жолдар желісі арқылы біріктіруді көздейді», – деп хабарлады ол.
Сондай-ақ әкімнің айтуынша, шетелдік туристер легі 1 млн адамға дейін ұлғаяды деп күтілуде. Қала экономикасына жыл сайынғы түсім 300 млрд теңге көлемінде бағаланып отыр.
Сонымен қатар Алматы халықаралық әуежайын реконструкциялау басталды, жобаға 362 млн АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартылды. Нәтижесінде әуежайдың өткізу қабілеті 19 млн жолаушыға дейін артады. Қала әкімінің айтуынша, бұл жобаны іске асыру қаланың туристік әлеуетін одан әрі дамытуға ықпал етеді. Қонақтар санының артуы аясында қонақ үйлер салу және туристік нысандарды пайдалануға беру бойынша 25 жобаны жүзеге асыру жалғасады.