Оның айтуынша, бұл мектептердегі білім беру процесінде Президент белгілеген «Адал азамат» тұжырымдамасының негізінде оқушыларды әділдікке, еңбекқорлыққа және адамгершілікке баулитын құндылықтар жүйесі қалыптасқан. Мектептегі білім беру үдерісі тек оқыту емес, өмірге бейімдеу, жауапкершілік сезімін ояту және қоғамдық сананы дамытуға бағытталған.

«Бұл мектептерде балалардың бойында экологиялық мәдениетті қалыптастыру, қоршаған ортаны қорғау, ресурстарды үнемді пайдалану сияқты жауапкершілікті сезіну дағдыларын дамытуға ерекше мән берілуде. Осы қағидалар Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» идеясын балаларға мектеп қабырғасынан бастап сіңіруді көздейді», – деді министр. 

Жобаның негізгі басымдықтарының бірі – оқушыларға ерте жастан кәсіби бағдар беру. Бастауыш сыныптарда түрлі мамандық иелерімен кездесулер, жобалық апталар ұйымдастырылады. 7-сыныптан бастап тереңдетілген бейіндік оқыту, тәлімгерлік жүйесі және жеке білім беру курстары енгізіледі. Бұл үдерісті тиімді үйлестіру және басқару мақсатында «Мансап компасы» атты арнайы цифрлық платформа әзірленуде. Платформа оқушыларға болашақ кәсіби бағытын және әрі қарайғы білім беру жолын саналы түрде таңдауға көмектеседі.

Сондай-ақ, Ғани Бейсембаевтың айтуынша, жоба аясында барлық мектепте интернет желісіне кемінде 100 Мбит жылдамдықпен қосылу мүмкіндігі қамтамасыз етілетін болады. Мектептің әр қабатында кітап қоймасы, оқу залдары, медиатека, электронды кітапханалар және оқуға арналған коворкинг аймақтары жеке кітапханалық кеңістік орналастырылған. 

Оқушыларды еңбекке баулу және шығармашылық әлеуетін дамыту мақсатында мектептерде әмбебап шеберханалар мен студиялар, сондай-ақ бастапқы кәсіби білім беруге арналған арнайы жабдықталған кабинеттер қарастырылған. Атап айтқанда, тігін, аспаздық, ІТ, ағаш шеберханасы және басқа да бағыттар бойынша оқу бөлмелері қажетті заманауи жабдықтармен толық қамтылған.