Оның айтуынша, 967 мектепте рекордтық саны 1700-ге жуық робототехника, химия, биология, физика және STEM-пәндер бойынша заманауи пәндік кабинеттер жабдықталды. 

«Келесі кезеңде мектеп инфрақұрылымын бірыңғай заманауи форматқа көшіру көзделіп отыр. Мектептерді реновациялау бағдарламасы аясында 2025 жылы 248 мектепке жаңғырту жұмыстары жүргізіледі», – деді спикер. 

2024–2025 оқу жылының ең басты жетістіктерінің бірі – халықаралық олимпиадаларға қатысқан әрбір екінші қазақстандық оқушының елге жүлдемен оралуы. Ұлттық құрама қоржынында – 362 медаль, оның ішінде 41 алтын бар. 

«Бұл – қазақстандық білім сапасының халықаралық деңгейде жоғары бағалануының айқын дәлелі. Биылғы оқу жылында 40%-дан  астам оқушы республикалық және халықаралық деңгейдегі зияткерлік  шараларға қатысты. Оның ішінде қазақстандық оқушылар Азия және әлемдік олимпиадаларда білімдерімен ерекше дараланып, беделді марапаттарға ие болды. Олар лингвистикадан – «Ең үздік қатысушы», физикадан – «Ең үздік қатысушы қыз бала», химиядан – «Ең үздік практик», информатикадан – «Ең үздік информатик» атанды. Химия пәнінен ең беделді халықаралық олимпиадада – екі дүркін, First Global Challenge робототехника чемпионатында – үш дүркін әлем чемпионы атанды», – деді Мереке Нұрмұханова. 

Бұдан бөлек, Қазақстан олимпиада жүлдегерлерін қаржылай ынталандыру жүйесін енгізген. 2024 жылы халықаралық беделді олимпиадаларда топ жарған 26 оқушыға және оларды дайындаған педагогтерге ақшалай сыйақы берілді.

Сондай-ақ, Қазақстан Орталық Азияда жалпы білім сапасын бағалау жөніндегі ұлттық жүйесін халықаралық аккредитациядан өткізген жалғыз ел атанып, қазақстандық білім жүйесінің халықаралық стандарттарға сәйкестігін растайтын RCEC сапа белгісіне ие болды.