Жұмыс үш негізгі бағыт бойынша жүргізіліп жатыр.

Біріншісі - жаңа нормативтік-құқықтық база құру. Атап айтқанда, жаңа Су кодексінде су үнемдеу технологияларын енгізу дәрежесіне байланысты субсидиялар және су беру жөніндегі қызметтерге төмендетілген тарифтер түріндегі мемлекеттік қолдау шаралары көзделген.

Екіншісі - су шаруашылығы инфрақұрылымын жаңғырту. 20 су қоймасын салу жоспарлануда. Олардың бесеуінің құрылысы биыл басталады. Бұдан басқа, жұмыс істеп тұрған 15 су қоймасы қайта жаңартылады.

Үшіншісі - іргелес мемлекеттермен ынтымақтастықты күшейту.

«Осылайша, Қазақстан Өзбекстанмен екі тарап тұтынатын судың нақты көлемін есептеуге мүмкіндік беретін есептегіштерді орнату туралы келісті. Мұндай келіссөздер басқа көрші елдермен де жүргізілмек. Биылдан бастап Қазақстан Халықаралық Аралды құтқару қорына төрағалық етеді. Қазіргі уақытта Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстанның қатысуымен «Орталық Азия елдері арасында су-энергетикалық ынтымақтастық тетігін құру туралы» келісімнің жобасы әзірленіп жатыр. Қытаймен 20-дан астам өзен бойынша келіссөздер жүргізілуде. Олардың ішінде үш ірі трансшекаралық өзен бар: Ертіс, Іле және Еміл», - деді ведомствоның ресми өкілі Мөлдір Абдуалиева ОКҚ алаңында өткен брифингте.

Сондай-ақ, Қытай, Финляндия және басқа да елдердің су тасқынының алдын алу және келтірілген залалды азайту жөніндегі халықаралық тәжірибесі зерттелуде, ал Францияның даму агенттігімен бірлесіп Балқаш көлінің бассейнін зерттеу жоспарланған.