Еліміз үшін қиын кезеңде Цифрлық даму министрлігі де өз тарапынан су тасқынына қарсы шараларға өз үлесін қосуда. GOV.KZ сайтында су тасқынына қарсы іс-шараларды көрсететін онлайн-трансляция іске қосылды. Енді онлайн-трансляцияны пайдалана отырып, әрбір азамат су тасқынына дайындық бойынша атқарылып жатқан жұмыстар мен Орал, Атырау, Қостанай қалаларындағы жағдайды көре алады. Бұл туралы ҚР ЦДИАӨМ ресми өкілі Альбина Атен ОКҚ алаңында өткен брифингте мәлімдеді. 

Оның айтуынша, Министрлік eGov mobile мобильді қосымшасында су тасқыны салдарынан келтірілген материалдық шығынды өтеу туралы өтініштерді қабылдауға арналған сервисті іске қосты. Қызмет су тасқынынан зардап шеккен Ақмола облысы, Қостанай облысы, Атырау облысы, Батыс Қазақстан облысы және Солтүстік Қазақстан облыстарындағы барлық азаматтарға қолжетімді. Азаматтар енді тікелей eGov mobile мобильді қосымшасы арқылы шығынды өтеу туралы арызды оңай әрі ыңғайлы бере алады.

«Бұл қызметті Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен және «ҰАТ» АҚ-мен бірлесіп, азаматтардың қажеттіліктері мен ыңғайлылығын ескере отырып әзірледі. IT-қауымдастығы да бұл жағдайда шет қалмайды. Осылайша, Astana Hub су тасқынын басқару бойынша 30-дан астам инновациялық шешімдерді жинап, оларды Төтенше жағдайлар министрлігіне қарауға ұсынды», – деді спикер.

ARC Drones негізін қалаушылар Әлібек Елтай және Әсел Тұрсын Қазақстандағы су тасқынына қарсы көмек көрсету үшін автономды дрондарын ұсынады. Дрондар бүгін Қазақстанға келеді, олар Төтенше жағдайлар министрлігімен бірлесе Атырау қаласында жүк жеткізуді жоспарлап отыр.

Қазақстандағы су тасқыны жағдайына байланысты Батыс Қазақстан, Атырау және Павлодар облыстарындағы «Ұлттық геодезия және кеңістіктік ақпарат орталығы» РМК және жеке геодезиялық компаниялардың мамандары арасынан штабтар ұйымдастырылды.

«Тәжірибелі геодезияшылармен бірлесе Батыс Қазақстан және Атырау облыстарындағы Орал, Атырау қалаларында және Январцево, Көшім, Тайпақ, Индербор, Махамбет, Еркінқала, Жаңаталап ауылдарында 8 өлшеу бекеттерінде геодезиялық өлшеу жұмыстарын жедел жүргізіп, сонымен қатар Павлодар облысындағы Ертіс өзеніндегі 6 бақылау-өлшеу станциясын үйлестіру жұмыстары жүргізілуде. Бұдан басқа, Жайық өзені бойындағы автомобиль жолдарының үйінділерін, бөгеттің жоғарғы жағын су басу қаупі бар аймақтарда Жайық өзені бойында қорғау үшін орнатылған қоршау үйінділері мен құрылыстарды геодезиялық өлшеу жүргізіледі», – деді А.Атен.

Өткізілген іс-шаралардың қорытындысы бойынша шектік нүктелер мен қорғалмаған учаскелер айқындалды, оларды нығайту және қосымша қорғаныш үйінділерін орнату қажет. Мамандар жергілікті атқарушы органдар мен ТЖМ мамандарымен бірлесіп, қалалар мен елді мекендерді су басуды азайту мақсатында су тасқынына қарсы іс-шаралар жүргізуде.

Альбина Атен ұялы байланыс операторларының тегін интернет, қосымша трафик пакеттері және қоңыраулар секілді акциялары бар екенін айтты. 

Байланыс инженерлері ақауы бар жабдықты ауыстырып, дизельдік генераторлардың жұмысын қадағалап, базалық станциялар мен коммутаторлар айналасында қорғаныс бөгеттерін салып, күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр.