Ұлттық біріңғай тестілеудің алғашқы кезеңінің қортындысы туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз маслихатында ҚР Білім және ғылым министрлігі Ұлттық тестілеу орталығының директоры Рамазан Әлімқұлов мәлімдеді.

«Осы жылдың 18-20 қаңтар аралығында бірінші «қысқы» ҰБТ өтті. Жалпы ҰБТ өткізу пункттерінің саны – 74, өтініштер саны - 35 838 адам, оның ішінде 25 615 адам қазақ тілінде, 10 162 адам орыс тілінде, 61 адам – тестілеуді ағылшын тілінде тапсыруға өтініш білдірді. Қатысушылар санаты бойынша: 29 789 адам - 11 (12)-сынып оқушылары, 3 268 адам – шартты түрде түскендер, 2 781 адам – шығармашылық мамандықтарынан басқа мамандықтарға ауысушылар», - деп мәлімдеді Білім және ғылым министрлігі Ұлттық тестілеу орталығының директоры Рамазан Әлімқұлов.

Айтуынша, ҰБТ-ға қатысқандар саны - 34 687 адам. Мүмкіндігі шектеулі жандар – 9. ҰБТ-ның шекті деңгейінен өткендер – 24 012 адам (69%), шекті деңгейден өте алмағандар – 10 675 адам (31%). Бейінді пәндер комбинациясы бойынша «Математика-физиканы» 8 430, «Химия-биологияны» - 5 839 түлек таңдаған.

«Бұл біздің түлектер Елбасының техникалық мамандықтарға білім беру гранттарының санын 20 мыңға көбейту жөніндегі әлеуметтік бастамасын дұрыс түсінетіндігін растайды», - деді ол.

ҰБТ тестерінің мазмұнына қатысты Республикалық аппеляциялық комиссиясына 8 өтініш келіп түсті, оның 3-еуі қанағаттандырылды.

Айта кетсек, қаңтар, наурыз және тамыз айларында өткізілген ҰБТ-ға қатысу мектеп бітіруші түлектің жоғары оқу орнында тек ақылы бөлімге түсуіне құқық береді. Егер мектеп бітіруші түлек мемлекеттік білім грантын алғысы келсе, міндетті түрде маусым айында өткізілетін ҰБТ-ға қатысуы керек. Маусым айында тапсырған ҰБТ-ның қорытындысы бойынша білім беру грантын беру конкурсына қатыса алады.