Бұл туралы бүгін Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов Орталық коммуникациялар қызметінің баспасөз конференциясында мәлімдеді.     

-Батыс Қазақстан облысында Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың стратегиялық маңызға ие «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы белсенді жүзеге асырылуда. Бұл жұмыста депутаттық корпус үлкен қолдау көрсетуде. Бағдарлама аясында биыл 175 мыңға жуық адамды қамтыған 350-ден астам маңызды шара өткізілді. Демеушілер мен меценаттар көмегімен 166 жоба жасалды. Облыс орталығында меценаттар арқылы ерекше мұқтаж адамдарға арналған құны 200 млн. теңге үй құрылысы жүргізілуде. Жоспарымызда тағы 43 жоба бар. Республикалық қасиетті орындар тізіміне енген облыстағы 7 нысанға жолдар тарту мен инфрақұрылым жасау бойынша жұмыстар қолға алынуда. Аталған жұмыстардың нәтижесінде ішкі туризм дамып, облысқа келетін туристердің саны артады деп күтілуде. «Қазақстан - 2050» жалпыұлттық қозғалысымен бірге «Crowdsourcing.kz.» жобасы іске асуда. Бүгінгі күні 150-ден астам жобалар ұсынылып, дауыс берілді. Ең жақсы ұсынылған жобаларды Орал қаласы әкімдігі жүзеге асыратын болады,-деді А.Көлгінов.

Сондай-ақ, баспасөз конференцияда облыс әкімі «Саят» этнотуристік орталық пен «Жайық қалашығындағы» ашық аспан астындағы музейді жасақтау жұмыстарымен таныстырды. Оған қоса, облыс әкімінің айтуынша, келесі жылдың көктемінде «Қызғалдақ» халықаралық фестивальдің өтетінін хабарлады. Айта кету керек, жер бетінде қызғалдақтың 120-дан астам түрі бар болса, ал Қараөзеннің жағасында 400 гектарды  алып жатқан алқапта 12 түрлі-түсті қызғалдақ өседі.