Бұл туралы облыс әкімі Алтай Көлгінов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында мәлімдеді.

БҚО-да ағымдағы жылы 44 елді мекендегі 16 мың халықты көгілдір отынмен қамту мақсатында 8 жоба жүзеге асырылуда. Бұл мақсатқа 1,6 млрд. теңге қаражат бөлінген. Бүгінгі таңда Ақжайық, Бөкей ордасы, Зеленов, Жәнібек аудандары аумағындағы 24 елді мекенге газ тарту жұмыстары аяқталып, тоғыз мыңнан астам ауыл тұрғыны көгілдір отынның рахатын көруде. Қалған 20 ауылдарға газ тарту жұмыстары келер жылы аяқталатын болады. Осы жұмыстар мәреге жеткенде өңірдің көгілдір отынмен қамтылуы 95 пайызға жететін болады.

Халықты таза ауыз сумен қамту жыл басында 40,5%-ті құрады.  Жалпы ұзындығы 1000 шақырымды құрайтын ауыз су құбырларын тарту және жаңарту жұмыстарына 4,5 млрд. теңге қаражат бөлінген. Бүгінде 56 мың тұрғыны бар 50 елді мекенді таза ауыз сумен қамту жұмыстары жүргізілуде. Ол елді мекендердің 17-сі таза ауыз суға қол жеткізген болса, жыл соңына дейін 23 ауыл таза суға қосылатын болады. Соның нәтижесінде халықты таза ауыз сумен қамту деңгейі 45,4% құрайтын болады. Айта кету керек, таза ауыз су облыстың шалғайында орналасқан Жәнібек пен Бөкейорда аудандарына келді.

Сонымен қатар, құны 2,5 млрд.теңгені құрайтын Жаңақала ауданында топтық су құбырын салу нәтижесінде 8 елді-мекен таза суға қол жеткізді.  Алдағы екі жыл ішінде өңірдегі тағы 50 елді-мекенге су құбырын тарту арқылы 2020 жылы облыстағы таза сумен қамту деңгейі 50%-тен асатын болады.

Облыс орталығында жылу және сумен қамту жүйесін жаңғырту мақсатында құны 1,5 млрд. теңгені құрайтын 5 жоба жүзеге асты. Ақсай қаласында сыртқы жылу желілері қайта жөнделді. Атқарылған жұмыс нәтижесінде Ақсай қаласындағы жылу және су желілерінің тозуы 43%-тен 7%-ке төмендеді.

Айта кету керек, бұл жобаларды жүзеге асыру барысында 176 адам жұмыспен қамтылды.