Вице-министрдің айтуынша, 2026 жылдың желтоқсанынан бастап жеңіл өнеркәсіп тауарлары мен зергерлік бұйымдар да таңбаланады деп жоспарланған.

«Таңбалау қазірдің өзінде нәтиже беріп жатыр. 2024 жылдың 1 шілдесінен бері жүйе дәріханаларда заңсыз сатылып жатқан тегін дәрінің 27 мыңнан астам қаптамасын анықтады. Нәтижесінде 31 ұйым 12,3 млн теңге айыппұл төледі, 43 дәріханаға бұзушылықты жою туралы нұсқама берілді», – деді Әсет Нүсіпов.

Қазақстанда 2027–2029 жылдарға арналған міндетті цифрлық таңбалауды кеңейту кестесі бекітілді. Енді таңбалау тізіміне тағы сегіз тауар тобы қосылады: азық-түлік, тұрмыстық химия, косметика, балалар ойыншықтары және т.б. Бекітілген кестеге сәйкес, 2027 жылдан 2029 жылға дейін мына тауар топтары таңбаланады: тұрмыстық химия және косметика – 2027 жылдың наурызынан бастап кезең-кезеңімен; өсімдік майы – 2027 жылдың сәуірінен бастап; кондитерлік бұйымдардың жекелеген түрлері – 2027 жылдың қыркүйегінен бастап; балалар ойыншықтары – 2028 жылдың ақпанынан бастап; ерігіш сусындар - 2028 жылдың маусымынан бастап; антисептиктер – 2028 жылдың тамызынан бастап; азық-түлік өнімдері – 2028 жылдың қыркүйегі мен 2029 жылдың мамырынан бастап кезең-кезеңімен; консервіленген өнімдер – 2029 жылдың сәуірінен бастап.

Сондай-ақ биыл мұнай өнімдерін молекулалық таңбалау бойынша пилоттық жоба басталды. Бұл технология отынға арнайы маркер қосу арқылы оның сапасы мен шығу тегін мобильді анализаторлармен текксеруге мүмкіндік береді.