«Фестиваль кезінде бірқатар ауқымды мәдени іс-шара ұйымдастырылады. Бұл фестиваль еліміздің ұлттық музыкасы мен мәдениетін дамытуға тың серпін береді», - деді Мәдениет комитеті төрағасының орынбасары. 

Баспасөз мәслихатында фестиваль әділ қазылар алқасының төрағасы ҚР Еңбек сіңірген қайраткер, ҚР Мемлекеттiк сыйлықтың лауреаты, профессор Төлеген Мұхамеджанов та сөз сөйледі. 

«Ән - халықтың жаны, халықтың ажары. Одан елдің мәдениеті қандай деңгейде екенін байқауға болады. Сондықтан қазақ әнінің шетелдік орындаушылардың орындауында тыңдау - керемет ғанибет нәрсе. Кезінде осы идея «Азия дауысы» байқауында басталған еді. Кейін Астана қаласында жалғасын тапты. Бірақ іске асып, нағыз өзінің ерекше орнын алған - Түркістанда өткізілетін байқау», – деді қазылар алқасының төрағасы. 

Жобаның бас продюсері Мейіржан Алиакбаров брифингте бұл фестивальдің өзгелерден ерекшелігіне тоқталып өтті.

«Басқа байқаулардан ерекшелігі - бұл кәсіби вокалды байқау болып есептелмейді. Бұл - қазақ әндері орындаушыларының байқауы. Яғни, берілетін материалдардың басым бөлігі - халық әндері, Қазақстан композиторларының әндері. Бұл жерде диапазонды дауысқа салып, кең көлемде ән шырқаған әнші орын алмайды, бұл жерде қазақ әнін жүрегіне сіңіріп алып, халыққа жеткізген әнші орын алады»,- деді М.Алиакбаров.