Өңірдегі жел энергетикасы жобаларының қатарында «Plenitude Kazakhstan» компаниясының жел электр станциясы бар. Қуаты 96 МВт-тық нысан екі кезеңмен іске қосылған.
Жобаның бірінші кезеңі 2020 жылы жүзеге асырылып, 10 жел генераторы орнатылды және 15 жұмыс орны құрылды. 2021 жылы екінші кезең аясында тағы 13 жел генераторы іске қосылып, 20 жаңа жұмыс орны ашылды. Осылайша станция аумағында барлығы 23 жел генераторы жұмыс істейді.
Қазіргі таңда Ақтөбе облысында пайдалануға берілген бес жел электр станциясының жалпы белгіленген қуаты 346 МВт-қа жетіп отыр. Атап айтқанда, «Plenitude Kazakhstan» – 48 МВт, 2020 жыл; «Plenitude Kazakhstan» – 48 МВт, 2021 жыл; «Darmen Shuak» – 50 МВт, 2026 жыл; «Next Green Energy» – 50 МВт, 2026 жыл; «Хромтау-1» – 150 МВт, 2026 жыл.
Сонымен қатар облыста жел энергетикасы саласында жалпы қуаты 400 МВт жететін жаңа жобаларды іске асыру жоспарланған. Олардың бірі – «Plenitude Kazakhstan» жобасының үшінші кезеңі. Жоба аясында 2028 жылы қуаты 100 МВт жел электр станциясын салу көзделіп отыр.
Бұдан бөлек, «Argest» және «Beta Wind» жобаларының әрқайсысы 100 МВт қуатқа есептелген. Оларды 2026 жылғы желтоқсанда іске қосу жоспарда. Ал «Zeta Wind» жобасының қуаты 100 МВт құрамақ, оны 2027 жылы пайдалануға беру көзделген.
Осы жобалар толық іске асқан жағдайда Ақтөбе облысындағы жел энергетикасының жалпы белгіленген қуаты 746 МВт-қа дейін жетеді.
Жел энергетикасын дамыту өңірдің энергетикалық әлеуетін арттыруға, жаңартылатын энергия көздерінің үлесін ұлғайтуға және электр энергиясын өндіруде табиғи ресурстарды тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.