«Қазірдің өзінде 400-ге жуық азамат ауылдық елді мекендерден өздеріне ұнаған баспананы таңдады. Сондай-ақ тұрғын үй заңнамасында отбасы құрамында тұрғын үйге мұқтаж ретінде есепке тұра алатын отбасы мүшелері нақты белгіленген. Оларға негізгі өтініш берушіге қойылатын талаптар қолданылады», – деп түсіндірді спикер.

Оның айтуынша, соңғы екі жылда Министрлік азаматтардың тұрғын үй жағдайын жақсартуға бағытталған мемлекеттік қолдау шараларын ұсыну тәсілдерін қайта қарау бойынша ауқымды жұмыс жүргізді. Тұрғын үй кезегі аясындағы көмек баспанаға шынымен мұқтаж азаматтарға көрсетіледі.

2025 жылдың мамыр айынан бастап тұрғын үйді есепке қою және бөлу функциялары әкімдіктерден «Отбасы банкке» берілді. Әкімдіктердің құзыретінде коммуналдық тұрғын үй салу немесе сатып алу және азаматтарды қоныстандыру функциялары ғана қалды.

Биыл тұрғын үй заңнамасына бірқатар нақтылау нормалары енгізілді. Бұған дейін тұрғын үй беру нормалары шаршы метрмен белгіленсе, енді жалдамалы баспана бөлу кезінде отбасы құрамына қарай бөлмелер саны ескеріледі.

Сондай-ақ бұған дейін жалғыз баспанасы апатты деп танылған азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету процесі «Отбасы банк» арқылы орталықтандырылған түрде жүргізілсе, енді жергілікті бюджет есебінен салынған немесе сатып алынған тұрғын үйді комиссия арқылы бөлу құзыреті қайтадан әкімдіктерге берілді.