Оның айтуынша, Әлем чемпионатын Астанада өткізу туралы шешім мамыр айында қабылданған. Күрес федерациясы елорда әкімдігімен бірлесіп, дайындық іс-шараларының жоспарын әзірлеп, ұйымдастыру комитетін бекітті.

«Өз кезегінде техникалық делегация келіп, спорт нысандарымыздың дайындығына және олардың әлеуетіне баға берді», – деді Серік Жарасбаев.

Ол Астананың ірі халықаралық спорттық іс-шараларды өткізу бойынша мол тәжірибесі бар екенін атап өтті.

«Қонақтарды қабылдау үшін ұйымдастыру комитеті барлық спортшы мен делегация мүшелерін елорданың 11 қонақ үйіне орналастыруды жоспарлап отыр. Астананың ірі спорттық іс-шараларды өткізу бойынша тәжірибесі жеткілікті. Сондықтан бұл жарысты да жоғары ұйымдастырушылық деңгейде өткізетінімізге сенімдімін», – деді спикер.

Қазір басты назар спорт нысандарын халықаралық талаптарға сай дайындауға, спортшылар мен көрермендерге қолайлы жағдай жасауға және жарыс өтетін алаңдардың толық әзірлігін қамтамасыз етуге бағытталған.

«Біздің басты мақсатымыз – Әлем чемпионатын жоғары деңгейде өткізіп, жарыстың барлық қатысушысына барынша қолайлы жағдай жасау», – деп атап өтті Серік Жарасбаев.

Сонымен қатар Әлем чемпионаты аясында UWW-дің есеп беру-сайлау конференциясы өтеді. Вице-министрдің айтуынша, бұл іс-шараны өткізуге де жоғары жауапкершілікпен дайындық жүргізілмек.