Платформа осы жылдың 1 сәуірінен бастап жұмыс істейді және жаңа қызметтерді құру әрі пайдалануға беру мерзімдерін бірнеше жылдан бірнеше аптаға дейін қысқартуға мүмкіндік береді.

«Үкімет қолданыстағы жүйелерді QazTech платформасына көшірудің екі жылдық жоспарын бекітті. Бұл ретте: жүйелердің қайталануы жойылады, ескірген жүйелерді пайдалану тоқтатылады. Биыл 39 жүйені көшіру жоспарланған. Оның 36-сы бойынша жұмыстар аяқталу сатысында. Жоспардан тыс тағы 25 жүйе бойынша көшіру және әзірлену жұмыстары жүргізілуде. Бүгінде 10 ақпараттық жүйе платформада толыққанды жұмыс істеп тұр. Яғни жұмыс жоспардан озық қарқынмен жүргізілуде. Бүгінде барлық мемлекеттік орган QazTech платформасымен жұмыс істейді», – деді Премьер-министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев Үкімет отырысында. 

Оның айтуынша, Қазақстанда QazTech платформасынан тыс мемлекеттік ақпараттық жүйелерді құруға мораторий енгізілді.

Сонымен қатар, eGov 3.0 порталының жаңа нұсқасы іске қосылды. Ол мемлекеттік қызметтерді көрсетуді оңтайландыруға, артық талаптарды болдырмауға және инфрақұрылымға жүктемені азайтуға мүмкіндік берді.

«eGov порталы да өзінің технологиялық мүмкіндігінің шегінде жұмыс істеп келді. Осыған байланысты жақында QazTech платформасында әзірленген заманауи eGov 3.0 порталы іске қосылды. Қызметтер барынша оңай, пайдаланушы үшін ыңғайлы форматта жинақталды. Талаптар мен қадамдар саны азайды. Сұранысқа ие қызметтердің бір бөлігі жаңа форматта қолжетімді», – деді Жаслан Мәдиев.