Бұдан бөлек, халықаралық келісімдер мен белгіленген іріктеу тәртібіне сәйкес, Қарулы Күштер үшін сұранысқа ие мамандықтар бойынша 300-ден астам курсант Қытай, Түркия, Корея Республикасы, Америка Құрама Штаттары, Ресей Федерациясы, Әзербайжан, Армения және Беларусь мемлекеттерінің әскери оқу орындарында білім алуда. Бұл озық халықаралық тәжірибені енгізуге және кәсіби ынтымақтастықты нығайтуға мүмкіндік береді.
«Осылайша, Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі цифрландыруды, жоғары сапа стандарттарын, тәжірибеге бағдарланған оқытуды және жаңа буын офицерлер корпусын тәрбиелеуді ұштастыратын, көпдеңгейлі әрі технологиялық тұрғыдан дамыған әскери білім беру жүйесін қалыптастырып отыр. Бұл жүйе Қарулы Күштердің тұрақты дамуын қамтамасыз етіп, мемлекеттің қорғаныс қабілетін нығайтудың берік негізі болып табылады», – деді спикер.
Сонымен қатар Мұрат Олжабаев мерзімді әскери қызметті өткерген азаматтар үшін ҰБТ тапсырмай-ақ жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарына түсу жайында сөз қозғады. Бұл шешім әскери қызметтің беделін арттыру және азаматтардың мерзімді әскери қызметке қызығушылығын күшейту мақсатында қабылданды. Бұл азаматтарға мемлекеттік білім беру гранттарын беру құқығын қоса алғанда, қосымша әлеуметтік қолдау шаралары мен мемлекеттік кепілдіктер белгіленген. Жобаны іске асыруға Қазақстан Республикасының барлық жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары қатысады.
Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайту және конкурстық іріктеудің ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында «Срочники 2.0» ақпараттық жүйесі енгізілді. Жүйе Қорғаныс министрлігі, Ұлттық ұлан, ҰҚК Шекара қызметі, Мемлекеттік күзет қызметі және Төтенше жағдайлар министрлігінің 145 мыңнан астам әскери қызметшісін қамтиды.
Конкурстық іріктеу нәтижелері «Срочники 2.0» платформасында және жобаның әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларында жарияланады. Әрбір қатысушы «Іздеу» бөлімі арқылы жеке деректері бойынша оқуға түсу сертификатының бар-жоғын тексере алады.
2023 жылдан бері мерзімді әскери қызметті өткерген азаматтарға 11 мыңнан астам білім гранты бөлінді. Оның ішінде тек 2025 жылдан бастап 5 000 астам азамат толыққанды мемлекеттік білім гранттарымен қамтамасыз етілді.