Аталған жоба Қазақстан үшін ерекше маңызға ие. Себебі еліміздегі орман алқаптарының үлесі салыстырмалы түрде аз, ал оларды қалпына келтіру ондаған жылдарды талап етеді. Сондықтан өрт ошақтарын ерте анықтау және жедел әрекет ету табиғи байлықты сақтаудың негізгі шарттарының бірі болып табылады.

Жоба аясында өңірлерге ЕАЖ-1 орман өрттерін ерте анықтау жүйесінің 14 кешені жеткізілді. ЕАЖ-1 – қорғалатын аумақта өрттің алғашқы белгілерін автоматты түрде анықтауға мүмкіндік беретін бағдарламалық-аппараттық кешен. Жүйе тәулік бойы жұмыс істеп, түтінді, жану өнімдерін, температураның көтерілуін, сондай-ақ жалынның инфрақызыл және ультракүлгін сәулеленуін тіркейді. Қауіп расталған жағдайда ақпарат жедел түрде диспетчерлік пунктке немесе өртке қарсы қызметке жіберіледі. Бұл әрекет ету уақытын қысқартып, өрттің кең таралуының алдын алуға мүмкіндік береді.

Жекелеген нысандарда тәулік бойы жұмыс істейтін шолу бұрышы кең автоматтандырылған бейнекамералар қолданылуда. Мұндай технологиялар өртті көзге анық байқалмай тұрып-ақ, бастапқы кезеңінде анықтауға мүмкіндік береді.

Өртті ерте анықтау жүйелерін енгізу, ұшқышсыз ұшу аппараттарын пайдалану және заманауи байланыс құралдарын қолдану орман қоры мен ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды қорғаудың тиімділігін арттырады. Бұл тәсіл өртке жедел әрекет етуге ғана емес, профилактикалық жұмыстарды күшейтуге, адамдар үшін туындайтын қауіп-қатерді азайтуға, экологиялық және материалдық шығындарды барынша төмендетуге мүмкіндік береді.

Жобаны іске асыру Қазақстанның табиғи аумақтарындағы өрт қауіпсіздігі деңгейін арттыруға және ормандарды төтенше жағдайлардан қорғаудың тұрақты әрі тиімді жүйесін қалыптастыруға бағытталған.