Былтыр бағдарламаға 1 млрд теңге бөлініп, қаржы ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу, өндірістік кооперацияны дамыту және сүтті мал шаруашылығын қолдау бағыттарына бағдарланды. Қазіргі таңда Amanatnesie.kz ақпараттық жүйесі арқылы жалпы сомасы 863,8 млн теңгеге 48 өтінім қабылданып, 534,4 млн теңгеге 25 жоба қаржыландырылды.
Бағдарламаны тиімді іске асыру мақсатында облыс көлемінде тұрақты түрде жұмыс кеңестері өткізіліп, аудан әкімдіктерімен бірлескен түсіндіру және ұйымдастыру жұмыстары жүргізілуде. Нәтижесінде ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру, қайта өңдеу жобаларын дамыту және ауыл тұрғындарын кәсіпкерлікке тарту бағытындағы жұмыстар жанданды.
Бағдарлама аясында өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған сүт, ет, көкөніс өнімдерін өндіру, сақтау және қайта өңдеу жобаларына басымдық берілуде. Сонымен қатар, биыл облысқа қосымша 4,5 млрд теңге бөлу жоспарланған.
Алдағы уақытта ауылдық жерлерде сүт қабылдау пункттерін ашу, шағын өңдеу цехтарын іске қосу, көкөніс өсіру жобаларын кеңейту және қой шаруашылығын дамыту бойынша инвестициялық жобаларды жүзеге асыру көзделген. Бұл шаралар ауыл тұрғындарының табысын арттыруға, өңдеу кәсіпорындарын шикізатпен қамтамасыз етуге және өңірдің агроөнеркәсіптік әлеуетін күшейтуге мүмкіндік береді.